Кентукки штаты Temu компаниясын сотқа берді

Қытайдың Temu маркетплейсі америкалықтардың жеке деректерін ұрлады және жалған брендтерді сатты деп айыпталуда. АҚШ-тың Кентукки штатының бас прокуроры Вудфорд округінің сотына шағым түсірді.
Алматы, NEGE. Шағымда Temu қосымшасы смартфон иелерінің рұқсатынсыз телефон иесінің тұрған орнын, интернетті пайдалануын, камераны, микрофонды және басқа қосымшаларды бақылайтыны көрсетілген. FoxNews порталының хабарлауынша, бұл мәліметтердің барлығы Қытайға жіберілуі мүмкін.
Сонымен қатар, Temu зияткерлік меншік құқықтарын бұзды деп айыпталуда. Мысалы, Temu платформасында Кентукки ипподромының эмблемасы бар тауарлар сатылып жатыр, алайда ипподром бұл компаниямен ресми түрде әріптестік орнатпаған және жеке белгісі бар тауарларды сатуға рұқсат бермеген.
Арыз-шағым берілген кезде Temu алаңында Кентуккимен байланысты бірнеше брендтің атынан рұқсатсыз сатылып жатқан ондаған тауар тіркелген. Олардың қатарында: Кентукки университеті, Луисвилл университеті, Buffalo Trace спирт зауыты және Churchill Downs ипподромы бар. Бұл да арызда айтылған.
Temu тарапынан зияткерлік меншікті ұрлау туралы бұған дейін де бірнеше рет айтылған. 2025 жылғы шілде айында австралиялық суретші Бритни Тернер өзінің туындыларының көшірмелері Temu-де сатылып жатқанын мәлімдеді.
Сол жылдың мамыр айында Уэльстен шыққан пейзаж жанрындағы суретші Луиза Коллис өзінің картиналарының көшірмелерін Temu платформасынан тапқан.
2024 жылдың соңында бірнеше дизайнер мен суретші Temu-дің олардың жұмыстарының көшірмелерін ешқандай рұқсатсыз сатқанын Reddit порталында жазды.
Айта кету керек, Кентуккидегі сот ісі — Temu-ді жауапқа тарту әрекеттерінің алғашқысы емес. Potter Handy LLP атты заң компаниясы Temu-ге қарсы ұжымдық шағым дайындап, қатысқысы келетін жәбірленушілерді жинап жатыр. Арыз-шағымда қосымшаның жеке деректерді жинау және өңдеу ережелерін бұзатыны туралы айтылады.
Иллинойс штатында да ұжымдық шағым дайындалуда. Мұнда Temu-ді жеке мәліметтерді саудалады деп айыптап отыр. Канадалықтар да осындай шағым түсіруге ниетті.
Қазақстанда да Temu төңірегінде дау-дамай өршіп тұр. Сарапшылар Қытай маркетплейсінің демпинг арқылы жергілікті бизнесті нарықтан ығыстырып жатқанын айтып, қоғам назарын аударуда.