Кеңес Рақышев Украинадағы БТА Банкті сатты: жаңа иесі атауын өзгертпек
Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев Украинадағы БТА Банкті сатты. Жаңа иесі – NOVA тобы – қаржы ұйымының жұмысын NovaBank брендімен жалғастырмақ.
Астана, NEGE. Мәміле 17 қарашада аяқталған. Алайда сату құны жарияланған жоқ. Қазақстандық БТА Банк 16 қарашада Украинадағы еншілес ұйымындағы үлесі нөлге дейін төмендегенін Қаржылық есептілік депозитарийіне хабарлаған.
Банкті кім сатып алды?
БТА Банктің 100 пайыз акциясын NovaPay Invest компаниясы сатып алды. Оның тең үлесі «Новая пошта» негізін қалаушылар Вячеслав Климов пен Владимир Поперешнюкке және NOVA тобы бақылау кеңесінің төрағасы Тарас Кириченкоға тиесілі.
12 қарашада Украина Ұлттық банкі мәмілеге келісім берген.
NOVA тобы банкті NovaPay төлем сервисімен біріктіріп, жеке тұлғалар мен бизнеске арналған қаржылық қызметтерді кеңейтуді көздейді. Алғашқы кезеңде қызметтер онлайн көрсетілмек, кейін бөлімшелер желісін ашу жоспарланып отыр. Компания қазіргі клиенттердің келісімшарттары мен қызмет көрсету шарттары өзгермейтінін мәлімдеді.
Рақышев банкті алты жыл бойы сатуға тырысты
Кеңес Рақышев Украинадағы БТА Банкті 2020 жылдан бері сатуға талпынған еді.
Айта кетейік, 2024 жылы Рақышев Беларусьтегі БТА Банктің 99,9 пайыз үлесін SNRG Capital Eurasia компаниясына 230 млн теңгеге сатқан.
Бұған дейін кәсіпкер қазақстандық БТА Банк лицензиясынан айырылғаннан кейін шетелдегі еншілес банктерін де сатуға шешім қабылдады.