27 Наурыз 16:55

Келесі ПРЕМЬЕР кім болуы мүмкін? – Сарапшылар пікірі

Фото:
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламентпен кеңесе отырып, Үкіметтің жаңа басшысын тағайындауы тиіс.

Мемлекет басшысы үшін маңыздысы – әлеуметтік-экономикалық саясатын, жария етілген реформаларды  жүзеге асыра алатын қауқарлы үкіметті тағайындау.

Қазіргі премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ осы үдеден шыға ала ма? Әлде орынтағын босатып, министрлер кабинеті қайта жасақталып, жаңа тұлғалар келе ме?

Бұл мәселеге қатысты NEGE-ге пікір білдірген қазақстандық сарапшылардың пікірі де сан алуан болып шықты.

 Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

Бізге Эрхард сияқты адамдар қажет

– Сөз жоқ, бізге жаңа үкімет керек. Депутаттық сайлаудан кейін халықтың үкіметке сенімі төмендемесе, артқан жоқ. Жаңа үкімет барынша халықтың көңілінен шығатындай әрекеттер жасамаса, онда жағдайымыз мүлде қиындайды. Халықта «өзгеріс болады» деген бір үміт бар.

Сондықтан үкімет басына шаруашылықты жақсы білетін, экономиканы, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта алатын азаматтар келуі тиіс.

Меніңше, дәл қазір түбегейлі экономикалық реформалар керек. Қымбатшылықпен күрес, табысты арттыру тұрғысынан да. Өйткені, елімізде соңғы жылдары кедейшіліктің деңгейі тым артып кетті. Бұл мәселелерді үкімет шұғыл шешпесе, ертең жағдай одан әрі күрделеніп, ушыға түспек.

Менің ойымша, қазіргі премьер-министр Әлихан Смаилов орнында қалмайды. Ауысуы қажет екені түсінікті. Ел ішінде бұл орынға лайықты азаматтар аз емес. Мысалы, өз басым премьер-министр ретінде Мұхтар ЖӘКІШЕВТІ көргім келеді. Бұдан бөлек, Досым СӘТПАЕВ бар. Осындай азаматтар келсе, халық сенімі оянатын еді. Бірақ бұл азаматтарды үкіметке апаруы неғайбыл.

А.Аймағамбетов. Фото: ғаламтордан

Биліктің ішінде де жақсы кадрлар бар. Мәселен, Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІ лайықты деп есептеймін. Өйткені, ол бұрынғы лауазымында халықтың ықыласына бөленді. Amanat-қа көп дауыс берілсе, осы азаматтың үлесі бар деп ойлаймын. Осындай тұлғалар келсе, үкіметке деген халықтың сенімі артады. Біреулер «ол білім министрі болды, бізге шаруашылықтың адамы керек емес пе?» деп уәж айтуы ықтимал. Бірақ қазіргі кезде ең маңызды мәселе – халық сенімін ояту.

Десе де, экономикалық блогқа жауап беретін мықты тұлғалар керек болады. Бізге неміс экономикасын қысқа уақыт ішінде алға жетелеген Людвиг ЭРХАРД сияқты адамдар қажет.

Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:

Жаңа тұлғалар, жаңа премьер-министр келеді деп үміттеніп отырмыз

– Әрине, Конституция бойынша, парламент сайлауынан кейін үкімет өзгеруі тиіс. Президент парламентке кірген партиялармен кеңесіп, үкіметті тағайындайды. Бізге жаңа адамдар, жаңа тұлғалар керек. Бір жағынан осындай үміт бар. Екінші жағынан, уақыттың талабы да осы.

Ауыл шарушылығы министрлігіне осы саланы жақсы білетін сауатты адам қажет. Не пияз жоқ, не қант жоқ. Биыл да қант болмайды деп кесіп айта аламын. Бұл – азық-түлік мәселесі.

Қыста Екібастұзда жылу болмады, Қостанайда қазандық жарылды. Осындай түйткілдерді шеше алатын өндіріс маманы керек.

Мәселен, ауыл шаруашылығы министріне «Ауыл» партиясы өз үміткерін ұсынатын шығар. Президент бұл мәселерге қатысты олардың ой-пікірлерін сұрайтын шығар. Бізге қарағанда, «Ауыл» партиясының бұл саладан хабары бар, мамандарды біледі. Тәжірибесі де бар. «Республика» партиясы да кандидаттарын ұсынуы мүмкін.

Қысқасы, жаңа тұлғалар, жаңа премьер-министр келеді деп үміттеніп отырмыз.  

Максим КАЗНАЧЕЕВ, саясаттанушы:

Президент министрлер кабинетінің құрамына көп өзгеріс енгізбейді деп ойлаймын

– Бұл мәселеде мен консерваторлық көзқарасты ұстанамын. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ былтыр министрлер кабинетінде үлкен ротация жасады. Көп министрлер лауазымы бойынша әлі бір жыл да жұмыс істеп үлгермеді. Сондықтан Президент министрлер кабинетінің құрамына көп өзгеріс енгізбейді деп ойлаймын. Оның үстіне, көп министрлердің әлі отставкаға қарсы иммунитеті сақталып отыр.

Қандай да бір өзгеріс болса, құрылымдарды нақтылау арқылы үкіметті күшейтуге ұмтылуы мүмкін. Мысалы, әлеуметтік-экономикалық саясатты нақтырақ жүзеге асыратын жаңа ведомстволар немесе агенттіктер құрылуы ықтимал.

Бұл – өте нәзік мәселе. Өйткені, айтылған сала Президенттің жауапкершілігіндегі мәселе емес, жаңа премьердің немесе қайта тағайындалған ескі премьердің құзіретінде.

Конституция бойынша, қайта тағайындалған кезде болашақ премьер-министр парламентте өзінің әлеуметтік-экономикалық әрекет бағдарламасын қорғауы тиіс. Үкіметті бекітудің жаңа схемасы мұның құрылымын нақтылауды талап етуі де ғажап емес.   

Тегтер: