21 Қараша 12:00
...

«Келешек мектептерге» бюджетте ақша бар ма?

gov.kz
Фото: gov.kz

Елдегі маңызды жобалардың бірі саналатын «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланған. Осы мектептер толық пайдалануға берілгеннен кейін оларды күтіп-ұстау шығындарын кім көтеретіні Сенат отырысында талқыланды.

Астана, NEGE. Үкімет «Келешек мектептері» жобасын қаржыландыруды республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджеттер есебінен жүргізуді ұсынған. Осыған байланысты сенатор Руслан Рүстемов жергілікті әкімдіктер бұл жүктемені көтере ала ма деген сауал қойды.

Оның айтуынша, 2026-2028 жылдары мектептерді қаржыландыру мәселесі алаңдаушылық туғызады. Жергілікті атқарушы органдар алдағы үш жылда осы мектептерді күтіп-ұстауға, соның ішінде мұғалімдердің жалақысы мен өзге де шығындарды өтеуге 1 трлн 268 млрд теңге көлемінде өтінім әзірлеген. Алайда бұл қажеттілік үш жылға арналған жалпы сипаттағы трансфертке енгізілмеген.

Сенатордың пікірінше, егер алдағы үш жылда оқу орындары толық көлемде қаржыландырылмаса, жобаның негізгі мақсатына жету қиын. Ол аталған өтінімнің не себепті қолдау таппағанын сұрады.

Сұраққа жауап берген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерді қаржыландыру жергілікті бюджеттерге бекітілгенін айтты.

«Жергілікті атқарушы органдармен, ұлттық экономика министрлігімен мәселе егжей-тегжейлі пысықталып, шешімін табуда. Бұл мектептер бұған дейін де апатты мектептер орнына салынған. Ол мектептердің қаражаты жергілікті атқарушы органдардың бюджетінде бар. Айлық жалақысына байланысты алаңдататын мәселе жоқ. Ол мұғалімдер бұған дейін де білім орындарында жұмыс істеді, сондықтан олардың қаражатына жергілікті атқарушы органдарда бюджет қарастырылған», – деді министр

Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджет есептеуде белгілі бір қиындықтар барын мойындады. Дегенмен ол келесі жылы салық түсімдері артатынын айтып, бұл мәселе шешімін табатынына сендірді.

Министрдің айтуынша, ауыл мектептері бойынша сметалық есеп бекітілгенімен, 54 млрд теңге көлемінде тапшылық бар. Алайда салық әлеуеті жыл сайын орта есеппен 27 пайызға өсетінін ескерсек, бұл сома аса үлкен емес. Кей өңірлерде қиындық туындаған жағдайда республикалық бюджеттен қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ отырыста жобаның іске асу барысына қатысты тағы бір жайт белгілі болды. Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, «Келешек мектептері» жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің әзірге 181-інің құрылысы ғана толық аяқталған.