Келешек мектептері үшін кадрлар қалай дайындалуда?
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы әр оқушыға тұрғылықты жерінде қолжетімді әрі сапалы білім беруді көздейді. Бұл мектептер гимназия немесе лицей мәртебесіне жатпайды. Олар баланың жан-жақты дамуына бағытталған өзіндік оқу-тәрбие үдерісі бар заманауи білім беру ұйымдары болып саналады.
Астана, NEGE. Ұлттық жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп ашу жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның 69 пайызы іске асқан. Нәтижесінде 146 мыңға жуық бала білім алатын 150 мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл оқу орындарында 145 583 оқушы оқып жатыр.
Еске сала кетейік, 2025-2026 оқу жылында елімізде 83 жаңа мектеп ашылды. Оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Осы білім ордаларында сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін білікті педагог кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұлттық жоба шеңберінде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін «Келешек мектептерінде» еңбек ететін мұғалімдер LMS платформасы арқылы біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Оқыту барысында базалық деңгейдегі 11 пән қамтылды. Олар бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих пәндері. Бағдарлама мұғалімдердің негізгі жұмысынан қол үзбей пәндік білімін жаңартуға, кәсіби құзыреттілігін арттыруға және әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған. Алдағы уақытта да педагогтер басым бағыттар бойынша оқытумен қамтылмақ.
«Келешек мектептерін» басқару тиімділік қағидаттарына негізделген. Мектеп директорларын тағайындау кезінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге басымдық беріледі. Бұл жоба халықаралық тәжірибеге сүйеніп, болашақ басшыларды қызметке кіріспей тұрып даярлауды көздейді. Үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді оқыту бағдарламасынан өтеді, сондай-ақ тәлімгерлермен жұмыс істеп, тағылымдамадан өтеді.
Қазіргі таңда республикалық кадр резервінде 583 педагог бар. Олардың 400-ден астамы конкурссыз басшылық қызметке тағайындалған. 2025 жылы тағы 400 үміткер оқудан өтуде. Соның нәтижесінде мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.
Бүгінде Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында ашылған 150 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 40-ын «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының резервистері басқарады. Бұл білім беру ұйымдары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы заманауи тәжірибелерді енгізетін алаңға айналып келеді.