«Келешек мектептері»: Балалар асыға баратын жаңа білім ордалары қандай болмақ?
Қазақстанда салынып жатқан «Келешек мектептері» – қатардағы қарапайым мектеп емес. Бұл – бала өзін еркін сезінетін, оқуға қызығатын жаңа форматтағы білім ордасы.
Астана, NEGE. «Сабаққа барғым келмейді» деген сөзді ұмыттыратын мектептер Қазақстанда бой көтеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім жүйесіндегі үлкен серпіліс.
Жоба бойынша 2026 жылға дейін елде 217 жаңа мектеп салынады. Олар 460 мың балаға арналған. Қазірдің өзінде 105 мектеп ашылды. Биыл тағы 112 мектеп пайдалануға беріледі. Ең қуаныштысы – бұл мектептер тек қалада емес, ауыл-аймақта да салынып жатыр. Яғни, 200 мыңнан астам ауыл баласы жаңа, жарық, қауіпсіз мектепке барады.
Жаңа мектептердің аумағы бұрынғы типтік жобалардан 15–20 пайызға үлкен. Сыныптар жарық, кең әрі ауа алмасуы жақсы. Әр баланың еркін қозғалып, өзін жайлы сезінуіне жағдай жасалған. Бұл – оқушының да, мұғалімнің де шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашады.
Жаңа білім ошақтары несімен ерекше?
«Келешек мектептерінде» IT және STEM зертханалары, робототехника сыныптары, хореография залдары, алғашқы әскери дайындық кабинеттері мен коворкинг аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар төрт спорт залы, заманауи жиһазбен жабдықталған оқу кабинеттері және аспаздық, тігін, IT бағытындағы шеберханалар бар.
Барлық сынып интерактивті тақта, компьютер, мультимедиялық құралдармен қамтылған. Бұл оқу үдерісін қызықты әрі нәтижелі етуге мүмкіндік береді.
Жаңа мектептерде қауіпсіздік жүйесі күшейтілген. Ғимарат толық бейнебақылаумен қамтылған, кіріп-шығу арнайы турникеттер арқылы бақыланады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.
Жаңа мектептерде электронды кітапхана, оқу залдары, медиатека, коворкинг аймақтары жұмыс істейді. Бұл жерлерде оқушылар тек сабақ оқып қана қоймай, шығармашылықпен де айналыса алады.
Бұл мектептер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да бейімделген. Онда пандустар, лифтілер, кең санитарлық тораптар, арнайы белгілер бар. Логопед, дефектолог, психолог кабинеттері жұмыс істейді. Яғни, баланың физикалық мүмкіндігіне қарамастан, сапалы білім алуға тең жағдай жасалады.
Оқушылар бастауыш сыныптан бастап түрлі кәсіппен танысады. Ал 7-сыныптан кейін бейіндік оқыту, жобалық апталар мен «Мансап компасы» платформасы іске қосылады. Бұл балалардың өз болашағын ерте жоспарлап, нақты мақсат қоюына көмектеседі.
Жоба аясында 3000-нан астам ұстаз біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта барлық мұғалім заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды меңгереді. ЖОО-лармен әріптестік орнатып, жаңа форматтағы педагогтер даярлау жоспарланған.