«Келешек» мектебі – инновация мен шығармашылық тоғысқан білім ордасы
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушының жан-жақты дамуына бағытталған заманауи оқу ортасын қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы бағытта Қостанай облысында орналасқан №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі инновациялық технологиялар мен шығармашылықты ұштастыра отырып, келешекке нық қадам жасап келеді.
Оқушылардың ғылыми-техникалық бағытқа қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте заманауи робототехника кабинеті жұмыс істейді. Кабинет LEGO SPIKE PRIME, REV ROBOTIC, VEX V5, AI Vision Humanoid Robot, 3D-принтер секілді қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Орта буын оқушылары бұл жерде түрлі модельдер құрастырып, бағдарламалау негіздерін меңгеріп, командалық жұмыс пен инженерлік ойлау дағдыларын дамытады.
Өткен оқу жылында робототехника үйірмесі аптасына екі рет өткізілсе, 2025-2026 оқу жылында сабақтар саны төрт ретке дейін артты. Нәтижесінде оқушылар аудандық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, бүгінде республикалық деңгейдегі байқауларға дайындық жүргізіп жатыр. Мектеп әкімшілігінің қолдауы арқасында робототехника кабинеті оқушылар үшін нағыз шығармашылық және инновациялық орталыққа айналды.
Сонымен қатар мектепте еңбекке баулуға арналған шеберханалар жүйесі тиімді жолға қойылған. Сабақ барысында оқушылар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап, практикалық дағдыларын жетілдіреді. Бұл олардың жауапкершілік, ұйымшылдық және ынтымақтастық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
Білім ордасы лазерлік ЧПУ RUIDA станогымен жабдықталған. Бұл құрылғы арқылы оқушылар фанерді кесу, күйдіріп сурет салу, әртүрлі бұйымдар дайындау жұмыстарын орындайды. Компьютерлік бағдарламалар көмегімен жасалған макеттер нақты өнімге айналып, көрмелерде ұсынылуда. Тамыз айында өткен конференцияда және соңғы қоңырау салтанатында осы станокта дайындалған бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Мектептің материалдық-техникалық базасы мен оқушылардың шығармашылық жетістіктері өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударды. Жуырда «Qostanai» телеарнасының «Дарын» бағдарламасы мектеп шеберханасының жұмысы туралы арнайы сюжет дайындады. Бағдарламада оқушылардың өз қолымен жасаған бұйымдары мен еңбек сабақтарындағы шығармашылық үдеріс кеңінен көрсетілді.
Жалпы, №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі бүгінде тек білім берумен шектелмей, оқушылардың өмірлік дағдыларын қалыптастырып, болашаққа сенімді қадам басуына жағдай жасап отырған заманауи білім кеңістігі ретінде танылып келеді. Мектеп ұжымы білімді, шығармашыл әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп, ел болашағына үлес қосуда.