Келер жылдан не күтеміз? НЕГЕ экономикамыз үшін бірінші тоқсан өте маңызды?
Ұлттық Банк болжауы бойынша биыл жалпы ішкі өнімнің 2,5 - 2,7 процентін жоғалтатын боламыз. Қай жағынан алғанда да - 2020 экономикамыз үшін минустағы жыл. Енді 2021 қандай жыл болмақ?
Қазірдің өзінде үкіметтің келер жылға үлкен үмітпен қарап отырғаны байқалады. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кризис құрылымдық реформалар жасау үшін таптырмайтын уақыт. Бірақ оған қажет стратегиялық шешімдер тек парламент сайлауынан кейін айтылатын болады.
«Экономикамыз үшін алдағы жыл биылмен салыстырғанда жеңілдеу болады деп ойлаймын», - дейді, «Ұлағат консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. «Экономиканың сәл де болса қалпына келуіне вакцинацияның жүруі, әлемдік орталық банктердің төмен пайыздық мөлшерлемелері мен коронавирусқа байланысты шектеулердің босаңсуы көмектесетін болады».
«Осы факторлар шикізат бағасының артуына септеспек. Келесі жылы Ұлттық Банк болжамы бойынша Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,3%, ал Дүниежүзілік банк болжамына сай 2,5% көрсетеді. Оның ішінен шындыққа Дүниежүзілік банк болжамы жақындау. Себебі, Ресей Федерациясына қарсы АҚШ пен Еуроодақ тарапынан жаңа санкциялар енгізілу мүмкіндігі жоғары болып отыр»
Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың ойынша, біз үшін алда келе жатқан бірінші тоқсан өте маңызды. Себебі, дәл сол кезде коронакризиске толы биылғы жыл әкелген шығындар есептелінетін болады. «Ия, жалпы ішкі өнім қысқарды, бірақ бір жағынан оның дені сауығып қалды. Келер жылдан ешкім керемет жеңістер күтіп отырған жоқ».
«Екіншіден, үкіметтің өзіндік сценарийлері мен іс-қимыл жоспары бар. Бірақ олар түпкілікті тек халықаралық жағдай анықталғанда ғана, ақпан айынан кейін барып қабылданатын болады»
«Ковидке қатысты түрлі шектеулер ел аумағында әлі де сақталады, сондықтан бұл қызмет көрсету саласындағы ортақ сұранысты төмен деңгейде ұстайды», - деп жалғастырады, Марат Қайырленов. Бұл кезегінде жұмыссыздықтың өсуіне, отбасылар кірісінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Расул Рысмамбетов наурыз айында ортанқол банктер мемлекеттен көмек сұрауы мүмкін деп болжайды. «Жалпы, парламент сайлауынан кейін үкіметтің экономикалық блогында өзгеріс болады деп күтемін. Қызметінен кететін министрлермен бірге жұмыс жоспарын құрып, оны ақпан айында бастау үшін осы блоктың жаңа құрамы қаңтарда ұсынылады деп болжаймын», - дейді Расул Рысмамбетов.
Сарапшылардың ойынша, орталық банктер белсенді жүргізіп жатқан жұмсарту саясатының салдарынан доллар мен еуро әлсірейтін болады. Бұл өз кезегінде теңгенің тез құлап қалмай, біртіндеп құлдырауына мүмкіндік бермек.
Nege.kz есебінше, қазіргі өсім вакциналардың пайда болып, экономикадағы оптимизмнің қылаң беруіне көбірек байланысты. Бір жағынан оны авансты өсім десе де болады.
Бірақ, ковид мүлде басқа мутацияға ұшыраса, әлем кезекті локдаунды бастан кешпек. Оған Қазақстан экономикасы дайын ба? Бұл өте қиын сұрақ.