Келер жылы 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақыдан кімдер қағылуы мүмкін?
Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет келер жылдан бастап күшіне енетін әлеуметтік төлемдер саясатын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жұмыс істеп, декреттік демалысқа шыққан аналар бала күтіміне байланысты бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақыны бұрынғы тәртіппен ала береді.
Астана, NEGE. Мұндай жағдайда отбасының А немесе В санатына жатуы жұмыс істейтін әйелдің жәрдемақы алу құқығына әсер етпейді.
«Егер сіз жұмыс істеп жүріп, баланы дүниеге әкелген болсаңыз, мұқтаж-мұқтаж еместігіңізге қарамастан, декреттік төлем беріледі. Өйткені сіз оған дейін жұмыс істеп, ай сайын барлық жарнаны төлеп тұрдыңыз, яғни Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сіздің бұған дейін алған жалақыңыздың 40 пайызын балаңыз 1,5 жасқа толғанға дейін төлей береді. Дүниеге бала әкелген А санатындағы да, В санатындағы да әйелдер декреттік төлем алады», – деп түсіндірді Ләззат Қожахмет әлеуметтік желідегі парақшасында.
Депутаттың айтуынша, жұмыс істемейтін, үй шаруасындағы әйелдер 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты төлемді тек отбасы мұқтаж деп танылған жағдайда ғана ала алады. Егер отбасы мұқтаж болмаса, яғни әйелдің жұмыс істеуге мүмкіндігі болып, денсаулығында кінәрат болмаса, бұл оның отбасында өзін қамтамасыз етуге жеткілікті табысы бар екенін білдіреді. Сондықтан А және В санаттарына жататын мұндай отбасылардың әйелдеріне бұл төлем берілмейді.
Қазіргі таңда Қазақстанда А және В санаттарына енетін 30 мыңнан астам ана декреттік төлем алып отыр.
«Жұмыс істеп жүрген әйелдер еш алаңдамаса болады. Жұмыс істеп, балаңыздың, өзіңіздің денсаулығыңызға, өмір сүруіңізге жеткілікті табыс тауып, дайындалып, содан кейін ғана баланы дүниеге әкелетін болсаңыз, сізге мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді, яғни сіздің соңғы екі жылдағы табысыңыздың 40 пайыз жалақы көлемін декреттік төлем ретінде бала 1,5 жасқа толғанға дейін алып отырасыз», – деп атап өтті Құрылтай депутаты.
Сондай-ақ Ләззат Қожахмет келер жылдан бастап ер адамдарға декреттік төлем берілмейтінін, оны тек әйелдер алатынын айтты.
Бұған қоса, 1 қаңтардан бастап әскери және құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, зейнетке ерте шыққан азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеле алмайтыны мәлім болды. Депутат жұмыс барысында зардап шеккен азаматтарға қатысты да өзгерістер болатынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда келер жылдан бастап отбасының әл-ауқаты сегіз бағыт бойынша 59 көрсеткіш негізінде бағаланып, А және В санатына жататын отбасыларға әлеуметтік төлем бермеу мәселесі талқылануда.
Осылайша, Үкімет үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеуді көздеп отыр. Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, енді әлеуметтік көмек отбасының мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай беріледі, «өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек».