20 Ақпан 17:08
...

KEKIS: Жастар «Жас сахнаны» жаңа қойылыммен «жарды»

Фото:
Бәйтен О

МАРОВ атындағы «Жас сахна» театры көрермендерін тағы да қуантты. Өнер ошағы бұл жолы орыс жазушысы Родион БЕЛЕЦКИЙДІҢ пьесасы желісінде KEKIS (+16) атты комедияның тұсауын кесті.

Бұл қойылымда бүгінгі жастардың келбетін анық көруге болады. Онда  салқын сыраны сіміре отырып футболдың жанкүйері болған жігіттерден бастап, еркектерді есінен тандыра бұлғаңдаған бойжеткен, байдың қызын алып күшік күйеуге айналған азамат және Жаңа Қазақстанда жаңашылдыққа бастаймын деген зор үміт те бар.

Орыс тіліндегі шығарманы бүгінгі жастардың тіліне жатық етіп тәржімалаған – Әлібек БАЙБОЛ. Қойылым режиссері Данияр БАЗАРҚҰЛОВТЫҢ айтуынша, туындының түпнұсқасын заманға сай бейімдеу мақсатында сценарийге 80 пайыз  өзгеріс енгізілген екен.

Мәселен, кейіпкерлердің аузынан бүгінгі жастар арасындағы жаргондарды жиі естуге болады. Бұл тұрғыда авторлар қазіргі қыз-жігіттердің бойындағы көріністі бір туындыға топтастырғанын жеткізді.

«Бұл қойылымды таспалаудағы мақсатым – көрерменді күлдіре отырып, ойландыру. Әсіресе, жастар қауымын. Мәселен, отбасылы бола тұра өзге қыздарға еліткен кейіпкерлерді көрсету арқылы кейбір үйлі-баранды жігіттердің бойындағы жеңілтектікті, жауапсыздықты айшықтағымыз келді. Тәуелсіз театр болған соң цензура болған жоқ. Бірақ, еркіндік бар екен деп анайылыққа бармадық. Дегенмен, қазіргі жастардың шылым шегіп, сыраға құмартатыны жасырын емес. Біз осыны ашық көрсете отырып, спектакль соңында кейіпкерлерімізді оның бәрінен жеріп, жаңа өмірге қадам бастыруға тырыстық» – дейді режиссер.

Сондай-ақ спектакль сексенінші жылдарда миллиондардың кумирі болған әнші Виктор ЦОЙДЫҢ «Перемен» атты әнімен басталып, сонымен аяқталады.

Бұдан өзге қойылым барысында  жастардың «Жаңа Қазақстан» деп ұран салатын тұсы да бар. Алайда, режиссер мұнда ешқандай саяси астардың жоқтығын, тек жастардың өзгеруге, жаңа қадамға бастауға құштарлығын жеткізгісі келгенін айтты.

Туынды бар-жоғы төрт актердің айналасында өрбиді. Актерлік құрамды атап айтар болсақ, прокурор мен депутаттың әулетінен шыққан қызға үйленіп, әйелінің қолбаласына айналған басты рөлдегі Қанағатты – Шыңғыс РӘШ, ал оны қатарларына қосып, желіктірген Аманат пен Байжұманы – Жалғас ЛЕСБАЕВ пен Айарыс ДӘУҚАРАЕВ сомдайды. Ал азаматын күшік күйеуге айналдырып, өзі мансаптың соңынан кеткен  Ләззатты – Нарқыз ТАМАБАЙ кейіптеген.

Бұрын  «Жас сахна» театрында қызмет істеген актриса, қойылым үшін қайта шақыртылса керек. Десе де Нарқыздың өзі алғаш режиссер тарапынан ұсыныс түскенде, біраз ойланған екен. Бұл, әрине, рөлге байланысты.

«Бұған дейін мұндай персонажды ойнамап едім. Мәселен, қысқа киіп, мың бұрала билеуім қажет болды. Бұрын-соңды көрермен алдында салмақты рөлдерде ойнап келгендіктен, мұнымды қалай қабылдайды екен деген үрей басым болды», – дейді актриса.

Жаңаша қойылымды тамашалауға Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Дулыға АҚМОЛДА арнайы келді.

Спектакль соңында жастарға шығармашылық табыс тілеген актер,  кезінде KEKIS қойылымы қырғыз режиссерінің сахналауымен әкемтеатр төрінде  қойылып, онда  өзінің ойнағанын атап өтті. «Театрда түрлі жанр болуы қажет» деген өнер иесі, «Жас сахна» репертуарының комедиямен толыққанына қуанышты екенін айтты.

Тегтер: