23 Қазан 15:08

«Кебісін бірнеше рет сипау керек» – Алматыда студенттерді жебеуші мүсін пайда болды

«Тұрандот» мүсіні
Фото: «Тұран» университеті

21 қазанда Алматыдағы «Тұран» университетінде Қазақстан Республикасы күніне орай «Тұрандот» мүсінінің ашылу салтанаты өтті.

Алматы, NEGE. Мүсіннің авторы қазақстандық суретші Нұрлан Әбішев. Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі 180 см, ал диаметрі 100 см, тұғырдың биіктігі 50 см.

«Тұрандот» мүсіні Орталық Азияның тарихи аумағы – Тұран әйелдерінің бейнесі. Көптеген шығыс аңыздарын бейнелейтін бұл символ терең мағыналарға толы болды. Аңыз бойынша, Тұрандот – бостандықтың, даналық пен асқақ рухтың символы», - делінген университет хабарламасында. 

«Тұран» университеті
Фото: «Тұран» университеті

Университет әкімшілігінің айтуынша, Тұрандот ханшайым студенттердің нағыз жебеушісіне айналады-мыс. Ол үшін бар болғаны аяғындағы кебісшені бірнеше рет сипасаңыз жетіп жатыр. 

«Ханшайым студенттердің нағыз жебеушісі болады деген сенімдеміз. Оның қолдауын сезіну үшін аяғындағы кебісшесін бірнеше рет сипау қажет. Тұрандот сізге үлкен ықыласпен көмектеседі және тағдырдың ең қиын кезеңдерінде сәттілік әрқашан сізбен бірге болады. Ұлы даланың қызын бейнелейтін «Тұрандот» мүсіні Алматының жаңа көрікті жеріне айналып, жастардың жасампаздыққа ұмтылуындағы бірігу орнына айналады деген үміттеміз», - деп түсіндірді университеттен. 

«Тұран» университеті
Фото: «Тұран» университеті

Мүсін «Тұран» университетінің қаражаты есебінен орнатылғаны белгілі болды.⠀