14 Желтоқсан 13:35
...

ҚазҰУ-ға қатысты дауды Сыртқы істер министрлігі НЕГЕ «сырттай бақылап» отыр?

Фото:

NEGE порталы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «лауазымды тұлғалары» себеп болған халықаралық дау туралы бұған дейін де жазған. Осы іске қатысты Алматы қалалық полициясына және Сыртқы істер министрлігіне жолдаған ресми сауалымызға жауап келді.

Естеріңізге салайық, Иорданияның сексеннен астам студентінің оқу ақысы үшін төлеген ақшасы әлдебір жеке компанияның қалтасында кетіп, шетелдік студенттер оқудан шығып қалған. Иорданияның Білім және ғылыми зерттеулер министрі Уажиһ УАЙС ҚР Үкіметіне және Сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған еді.

Алматы қалалық прокуратурасы осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қалалық полициясы жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Қалалық полициясы Тергеу басқармасының бастығы М.СЕЙСЕНҰЛЫ сауалдарымызға төмендегідей жауап берді.

«С.С.Балгимбаевтің арызымен ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағында көрсетілген қылмыс белгілерімен Алматы қаласының ПД-нің СДТБТ 227500031001037 болып тіркелген қылмыстық іс бойынша ақпарат ұсыну туралы «Nege Media» интернет-басылымының сұранысы бойынша Сізге хабарлайтынымыз, қазіргі уақытта қылмыстық іс тергелу кезеңінде.

Сол себепті, ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сай, сұраныста көрсетілген ақпаратты ұсыну мүмкіндігі жоқ, яғни тергеуге қайшы келмеген жағдайда, құқық бұзушылықпен байланысты емес және басқа тұлғалардың заңды мүдделеріне қайшы келмеген жағдайда, прокурордың рұқсатымен ақпарат белгіленген көлемде мүмкіншілігінше жарияланады».

Яғни, Алматы қалалық ПД жауабынан түсінгеніміз, бұл жай ғана алаяқтық емес, қылмыстық топтың әрекеті әрі алаяқтық аса ірі мөлшерде жасалған.

Арыз иесі С.С.БАЛГИМБАЕВТЫҢ кім екенін анықтау әзірге мүмкін болмады. Өйткені Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әдеттегідей ҚР ҚПК-нің 201-бабына сүйеніп, «бұл туралы басқа ақпарат бере алмайтынын» ескертті.

Полициямен қатар Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен де жауап келді.

Министрліктің жауабы мынадай болды: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алудағы иордандық студенттерге қатысты сауалыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймыз.

Бұл мәселе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі - ҒЖБМ) құзыретіне жататындықтан, осы меморганға жүгінуді жөн санаймыз.

Осымен бірге, иордания тарапы жоғарыда айтылған мәселеге қатысты Министрлікке нота жолдаған болатын. Министрлік өз кезегінде, тиісті сауалды ҚР ҒЖБМ–ге жіберді.

ҚР ҒЖБМ-нен келген ақпарат бойынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі Иордан Хашимит Корольдігінің Астанадағы Елшілігіне тиісті түсіндірме нотасын жолдады.

Бұл сұрақты сыртынан бақылай отыра, екі тарап оны шешуге және халықаралық дауға жеткізбеуге барынша күш-жігерін салуда. Бұл мәселенің оңтайлы шешілетінін пайымдаймыз».

Иордания студенттерін кері қайтарып алды, ҚР Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады, «ҚазҰУ-дың барлық деңгейінен бас тартатытын» мәлімдеді. Ендеше, «халықаралық дауға жеткізбеуге бар күш-жігерін салатынын» айтқан Сыртқы істер министрлігі кешігіп қалған жоқ па?

Айтпақшы, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың атына да ресми сауал жолдағанбыз. Бірақ әлі жауап келген жоқ...

Тегтер: