7 Желтоқсан 12:07
...

ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр – Прокуратура

Фото:

5 желтоқсанда порталымызда «Ұлттық университеттен НЕГЕ береке қашты?» деп аталатын мақала жарияланды. Онда біз ҚазҰУ оқытушыларының Бас прокуратураға жазған арызы мен шетелдік студенттердің оқу ақысына қатысты дауға тоқталдық.

ҚазҰУ төңірегіндегі мәселеге қатысты Бас прокурор Берік АСЫЛОВТЫҢ атына жолдаған ресми сауалымызға Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары С.СӘМЕТ жауап жазды. Ол біздің хатымызға жауап беруді Алматы қалалық прокуратурасына жүктеген. Жауап көп күттірген жоқ, Алматы қаласы прокурорының бірнші орынбасары Н.РАҚЫШЕВТАН төмендегідей хат келді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (бұдан әрі – ҚазҰУ) басшылығының заңсыз әрекеттеріне қатысты мәліметтерді ұсыну туралы Сіздің сұрауыңыз қаралды.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының Полиция департаменті (бұдан әрі – Полиция департаменті) ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары тарапынан алаяқтық әрекеттер фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге байланысты ҚазҰУ оқытушыларының өтініші тексеру және құқықтық бағалау беру үшін Полиция департаментіне жолданды. Бұл ретте Алматы қаласының прокуратурасы жоғарыда аталған мәселе бойынша ҚазҰУ-да тексеру жүргізген жоқ.

Иорданияның наразылық нотасы мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жүгінуі керек екені түсіндіріледі».

Фото: qazaqstan.tv

Алаяқтық бабы бойынша тергеліп жатқан «ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары» кімдер? Олар қандай қылмыс жасауы мүмкін? Бұл істің иордан студенттеріне қатысы бар ма? Оқытушылардың арызына құқықтық баға берілді ме? «Exellent Consult» деген қандай компания? Бұл компанияның ҚазҰУ-ға қатысы қанша? Шетелдік студенттердің оқу ақысы НЕГЕ университет шотына емес, жеке компанияға төленген? Иорданияның Жоғарғы білім және ғылыми зерттеулер министрі Уажиһ УАЙС ҚР Үкіметіне және Сыртқы істер министрлігіне не себепті ҚазҰУ-ге қатысты наразылық нотасын жолдады?

Осы және өзге де сұрақтардың жауабын енді Алматы қалалық полиция департаментінен және Сыртқы істер министрлігінен күтеміз.  

Тегтер: