21 Желтоқсан 16:41
...

ҚазҰУ проректоры: Оқытушы-профессорлар құрамы бірлігі жарасқан ұжымға айналды

Фото:

Жуырда NEGE порталында әл Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қатысты материалдар шыққан. Біз құзырлы органдарға және университет басшылығына ресми сауал жібергенбіз. ҚазҰУ проректоры Н.АЙДОСОВ редакциямызға жауабын жолдады.

Оқытушылар арасында не себепті алауыздық пайда болды?

– Ақпарат шындыққа жанаспайды. Оқытушылар арасында ешқандай алауыздық туындауы мүмкін емес, керісінше, бүгінде оқытушы-профессорлар құрамы тату әрі бірлігі жарасқан мақсатшыл ұжымға айналды. Олар ел үшін білікті кадрлар даярлау міндетін үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Төмендегі жетістіктер ҚазҰУ ұжымының табанды еңбегі мен ұйымшылдығының нәтижесі деп айта аламыз: ҚР Үкіметінің қаулысымен оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілді, QS әлемдік университеттер рейтингінде бір жыл ішінде ЖОО 175-тен 150-орынға көтерілді. Бұл рейтингтің 200 үздік тобына тек М.Ломоносов атындағы ММУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кіретінін ерекше атап өткен жөн. Біздің университет Азия, Орта Азия және Қазақстан университеттері арасында теңдессіз көшбасшы.

Соңғы 1,5 жылда ҚазҰУ-дың студенттік және оқытушы-профессорлық құрамының моральдық-психологиялық ахуалы мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсартқан айтарлықтай өзгерістер орын алды. Жалақы екі рет көтерілді, қазір оқытушылар орташа есеппен 285 мың теңге (2021 ж. қаңтарда 145 мың болды), аға оқытушылар – 312 мың теңге (160 мың болды), доценттер – 389 мың теңге (175 мың болды), профессорлар – 500 мың теңге (190 мың болды) жалақы алады.

Соңғы 10 жылда алғаш рет оқу ғимараттарына, дәрісханаларға, деканаттарға, оқу бөлмелері мен ғылыми-зерттеу зертханаларына, жатақханаларға күрделі жөндеу жүргізілді, асханалар, спорт залдары және т.б. заманауи талаптарға сәйкес жаңартылды.

ҚазҰУ оқытушыларының атынан БАҚ-та бірнеше анонимді жала жабу  хаттарының шығуын оқытушылар арасындағы қандай да бір алауыздық ретінде көрсету дұрыс емес. Тіпті бұл домалақ арыз авторы (лары) ҚазҰУ оқытушылары екендігі анықталмағандықтан, қандай да бір алауыздықтың себептері туралы сөз қозғау артық.

Бұған қоса, Сіз де өз материалыңызда «Арыздың авторлары көрсетілмеген» деп, бұл фактіні мойындайсыз. Яғни хаттың авторы (авторлары) жоқ екені даусыз және оған университетте жұмыс істейтін бірде-бір оқытушы қол қоймаған. Олай болса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, авторын анықтау мүмкін емес және қол қойылмаған өтініштер қарауға жатпайды.

Осыған байланысты ҚазҰУ анонимді хаттарға тапсырыс берушілер мен орындаушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту үшін құзыретті органдарға өтініш дайындауда. ҚазҰУ хатта жазылған жалған ақпаратты анықтау үшін сотқа жүгінеді. ҚазҰУ-дың құқықтары мен беделіне елеулі зиян келтіргендерге ҚР Қылмыстық кодексінің  «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша 274-бабы қолданылуы мүмкін.

– Студенттердің шетелде тәжірибеден өту шығыны өз есебінен төленетіні рас па?

– Мемлекеттік грант есебінен білім алушылардың академиялық ұтқырлық бойынша шығындарын төлеу тиісті сметада көзделген. Егер Сіз филология факультеті студенттерінің Түркияда тағылымдамадан өтуіне байланысты 2021 жылғы жағдайды сұраған болсаңыз, қалыптасқан жағдай магистранттардың тағылымдамаға ұшуы мен ЖОО-ға қаржының (2022 жылы) түсуі мерзімінің сәйкес келмеуіне байланысты орын алды.

Магистранттар авиабилеттерді уақытынан бұрын сатып алып қойған (2021 жылы).  Ал қаржылық жыл және сәйкесінше төлемдер келесі жылы (2022) 01.01-ден басталады.

Бірнеше магистрант әуе билеттерінің қымбаттап кететінін ескеріп, билетті өз есебінен ерте сатып алған. Айта кету керек, барлық студенттерге шығындары толығымен өтелді. Академиялық ұтқырлық төлеміне қатысты ҚазҰУ-да ешқандай проблема жоқ және болған емес, мұның бәрі қасақана бұрмаланған ақпараттар.

– «Түймебаев өзіне жақын кадрларын жанына жинап алды, мықты мамандар жұмыстан кетіп жатыр» деген уәж шындыққа жанаса ма?

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық формасы негізінде жұмыс істейді.  «Акционерлік қоғамдар туралы» Заң негізінде корпоративтік басқару принциптері енгізілген.

Осылайша, университетте басқарма  мүшелерін, қаржылық қызметтер, ішкі аудит қызметінің басшыларын және т.б. тағайындау тек республикалық конкурстық рәсімдер негізінде жүзеге асырылады.

– «Бұрын істі болған» адамдарды ҚазҰУ-ға жауапты лауазымдарға қабылдағаныныз рас па?

– Жоқ, мұндай жағдай болған емес, бұл да шындыққа жанаспайтын ақпарат. ҚазҰУ-ға жұмысқа қабылдау және тіркеу Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, оның ішінде сотталмағаны туралы анықтамалар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің жоқтығы туралы анықтамалардың талаптарына сай қатаң жүзеге асады.

Анонимді хатта көрсетілген «қылмыстық жауапкершілікке тартылды» делінген тұлғалардың барлығы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалғаны жөніндегі мәліметтердің жоқтығы туралы ресми жауап берді.

– Алматы қаласының прокуроры Н.Рақышев NEGE порталына берген жауабында: «Қазіргі уакытта Алматы қаласының Полиция департаменті ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары тарапынан алаяқтық әрекеттер фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге байланысты ҚазҰУ оқытушыларының өтініші тексеру және кұқықтық бағалау беру үшін Полиция департаментіне жолданды», – дейді. Қандай «лауазымды тұлғалардың» үстінен қылмыстық іс қозғалды?

– Университетте қылмыстық іс қозғалған лауазымды адамдар туралы ресми немесе нақты ақпарат жоқ.

Оқытушылардың арызына байланысты полиция тексеру жургізді ме? Оған құқықтық баға берілді ме?

– Алматы қаласының полиция департаменті «оқытушылардың» бұл өтініштерін тексерген жоқ, өйткені ҚР қолданыстағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, авторлық құқықты анықтау мүмкін емес және домалақ арыздар қарауға жатпайды.

Иорданияның Жоғарғы білім және ғылыми зерттеулер министрі ҚР Үкіметіне және Сыртқы істер министрлігіне не себепті наразылық нотасын жолдады?

– Иорданияның жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрінің Үкіметке және ҚР СІМ-не жүгіну себептері туралы сұраққа жауап іздеу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құзыретіне кірмейді және кіруі мүмкін емес.

Сонымен қатар ҚазҰУ Сіз көрсеткен наразылық нотасын ресми түрде алмаған және алу мүмкін емес, өйткені мемлекетаралық хат-хабарлар еркін қолданыста емес екенін хабарлаймыз.

Хат мәтініне қарағанда, Иорданияның Жоғарғы білім және ғылыми зерттеулер министрі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің барлық деңгейлерін қабылдаудан бас тартыпты. Мұнын себебі неде?

– Иорданияның жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрінің осы немесе басқа шешімдерінің себептері туралы сұраққа жауап іздеу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ құзыретіне кірмейді және кіруі мүмкін емес.

Иордан студенттерінің оқу ақысы ушін төлеген қаржысы қайда кетті?

– Оқу ақысы ҚазҰУ Директорлар Кеңесі бекіткен смета мен Даму жоспарына сәйкес жұмсалады. Бұл ретте шығыстардың негізгі баптары оқытушылардың жалақысы, бюджетке міндетті төлемдер, оқу әдебиеттерін, жабдықтарды сатып алу және т. б. болып табылады.

«Ехеllent Consult» деген қандай компания? Оның шетелдік студенттердің оқу ақысы үшін төлеген қаржысына және ҚазҰУ-ға қандай қатысы бар?

– «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ҚР Азаматтық Кодексіне сәйкес жеке мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша осы мүлікпен жауап беретін дербес заңды тұлға болып табылады. ҚазҰУ ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде дербес шаруашылық жүргізуші субъект ретінде өзінің Қаржы-шаруашылық қызметін әртүрлі меншік нысанындағы ұйымдармен, әртүрлі бизнес-құрылымдармен шарттық қатынастарға түсе отырып жүзеге асырады.

Ғылымды және жоғары білім беруді интернационалдандыру шеңберінде ҚазҰУ-дың "Exellent Consult" компаниясымен шетелдік азаматтарды оқытуға тарту бойынша әріптестік тұрғысынан шарты бар. Жасалған шарт стандартты болып табылады, преференцияларды көздемейді.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған компаниялармен бірлескен қызметтен ҚазҰУ-ға тікелей материалдық, қаржылық және басқа да залал жоқ. ЖШС деректерімен жұмыс істеу барысында туындайтын даулар, күрделі халықаралық геосаяси жағдайларға байланысты келіспеушіліктер, уақытша қиындықтар мен басқа да жағдайлар жалпы қабылданған келісім рәсімдері негізінде құқықтық тұрғыда шешіледі.

ҚазҰУ-дың жоғарыда аталған дербес бизнес құрылымдары саналатын серіктестіктердің жұмысына әріптестік байланыстан басқа ешқандай қатысы жоқ.

Осы орайда ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Кәсіпкерлерге ауыр зиян келтірген мемлекеттік аппараттың және барлық басқа адамдардың кәсіпкерлік ісіне араласуын ауыр қылмысқа теңестіру керек» деген тапсырмасының іске асырылуын қатаң талап етеміз.

NEGE: Университет басшылығына жолданған кейбір нақты сұрақтарымызға толымды жауап алмағанымызды ескертеміз. Сондықтан NEGE порталы бұл мәселені назарда ұстайды.

Тегтер: