ҚазҰУ-дағы студент қазасы: проректор мен декан жұмыстан шығарылды
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің қазасынан кейін екі қызметкер жұмыстан босатылды. Бұған қоса жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілуде.
Астана, NEGE. Жоғары оқу орны болған оқиға университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы болғанын атап өтіп, қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданғанын хабарлады.
«Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды», – делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.
«Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын», – дейді университет өкілдері.
Сондай-ақ хабарламада оқу орны бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, полиция жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетіп жатқанын және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі екені айтылған.
«ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықты шынайы түрде хабарлап отырамыз», – делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, 15 қарашаға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Желідегі ақпарат бойынша, екінші курс студенттері мен төменгі курс студенттері арасында жанжал шығып, салдарынан бірінші курс студенті оқиға орнында қаза болған. Полиция бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталғанын хабарлады.
Ал осы оқиғаға дейін он күндей бұрын аталған оқу орнында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған еді. БАҚ мәліметінше, бойжеткен Алматыға Шымкенттен келген. Алматы қаласының полициясы қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.