7 Қараша 13:13
...

«ҚазТрансГаз» Нұр-Сұлтанға НЕГЕ газ бермей қойды?

Фото:

Nege.kz порталының редакциясына хабарласқан тұрақты оқырмандарымыздың бірі Нұр-Сұлтан қаласының бір ширегіне тартылған газ құбырлары бос шелектей қаңғырлап тұрғанын, екі айдан бері газ жоқ екенін айтты.

Тілшіміз Нұр-Сұлтанда не себепті газ жоқ екенін білу үшін қала әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқан.

Мәселенің байыбына барған баспасөз қызметінің жетекшісі «жауап дайындалып жатқанын» айтқан. Алайда баспасөз қызметінің «жауап дайындап жатқан» қызметкері басшысының «шатысып қалғанын», сұрақтарымызға «ҚазТрансГаз Аймақ» жауап беретінін ескертті.

Нақтылай түсу үшін тілшіміз одан: «Сонда газ құбырларының бос тұрғаны әкімдікке мүлдем қатысты емес пе?», – деп сұрады. Баспасөз қызметінің өкілі бүй деп жауап берді: «Министрлік заң қабылдаған, сол заң бойынша енді біздің бұған қатысымыз жоқ. Мен газдандыру саласында емес, баспасөз қызметінде жұмыс істеймін. Сіз бұл сұрақты «ҚазТрансГазға» қойыңыз».

Баспасөз қызметі өкілінің нұсқауымен тілшіміз «ҚазТрансгаз Аймаққа» хабарласты. «Нұр-Сұлтандағы газ құбырлары неге бос тұр?» деген сұраққа өзін Мақсат деп таныстырған азамат бастапқыда: «Ондай мүмкін емес!», – деп жауап бергенімен, артынша жауабын тез түзетті:

«Алдыңғы күні құбырлардан су шыққан. Сол себепті газды өшіріп, кеше бәрін қайтадан қостық. Сіздердегі алдыңғы күнгі ақпарат қой. Алдыңғы күні действительно солай болды»

«ҚазТрансГаз Аймақтың» сайтынан мынадай ақпаратты көзіміз шалды: «Астанада мыңыншы абонент табиғи газға қосылды...». Мақалада бұрын көмір жағып жүрген жұрттың газ қосылған кездегі қуанышы сөз болады. Алайда біздің оқырманымыз табиғи газ құбыры тартылғанымен, құбырлардың екі айдан бері газ жоқ екенін, өздері бұрынғыша көмір жағып күнелтіп жатқандарын айтады.

Фото: ktga.kz

«ҚазТрансГаздың» ресми сайтын ашып едік, «ҚазТрансГаз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Әділбек Жақсыбеков екенін көрдік. Ал Басқарма төрағасы – Қайрат Шәріпбаев. Соңғы уақытта Жақсыбековтен гөрі Шәріпбаевқа жұрттың назары ауған. Өйткені білетіндер оны «Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі» дейді. Мейлі ғой, мәселе онда емес.

Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Елорданы туған баласынан кем көрмейді. Мұны сұхбаттарында жиі айтады. Олай болса «ҚазТрансГаздың»  Нұр-Сұлтанға газ бермей отырғанын қалай түсінуге болады?   

Тегтер: