«ҚазСуШар» республикалық деңгейде стратегиялық маңызы бар нысандарды ғана басқаруы тиіс – Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.А. Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Астана, NEGE. Апат айтып келмейді. Дәл қазір еліміз – ел аман, жұрт тынышта терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды.
«Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт! Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсетті. Сондықтан, бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды. Мысалы, облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет. Әрбір әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін, дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Ең кемі, олардың дербес иелегінде коммуналдық техника мен шаруашылыққа бағытталған арнайы өз тікелей бюджеті болуы тиіс. Инфрақұрылым, тазалық, жергілікті жолдарды салу-жөндеу, кішігірім плотина, тоғам, ирригация жүйелерін салып, жөндеу мәселелері бойынша әкімдіктерге қосымша құзырет беру маңызды», - деді депутат.
Қазір, аудандық әкімдер шешім қабылдауда қорқады. Өйткені, табжылып кетсе, ертеңінде прокуратура, компетентті органдар келеді. Соның салдарынан, бүгінгі жағдайда мемлекет жүздеген миллиард шығынға батып отыр.
«Сондықтан, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, Мәслихаттардың рөлін арттыра отырып, әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеуге жағдай жасау қажет. Құзыретті бере отырып, бюджеттік бағдарламаларды да беру қажет. Қазір кей кездері құзырет болса да, аймақтарда бюджеттік бағдардама жоқ болғандықтан, қаржы министрлігі тиісінше қаржы бермейді. Оған қоса, жергілікті мәселеге аудан немесе ауыл әкімі тікелей жауапты. Бірақ, ең шалғай ауылдағы бөгеттер мен тоғамдар «ҚазСуШар»-дың балансында. Қазақстанның басым көпшілігінің облыс, аудан, алыс ауылдардағы кішкентай тоғам, бөгет, гидроузелдердің барлығы солардың меншігіне өткен. Ал «ҚазСуШардың» аудандық деңгейде шаруашылықты дөңгелетіп әкетуге мұршасы жетпейді. Техникасы да, адамдары да жоқ», - деді Саиров.
Депутаттың айтуынша, су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашу керек.
«Жергілікті ауданадық коммуналдық кәсіпорын жергілікті маңызы бар тоған, бөгет, гидроузелдерді өз балансына алуы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджеттік бағдарламалар ашылуы маңызды. Оларды қажетті техника, білікті кадрлармен қамтамассыз етіп, жергілікті гидро-құрылымдарды дамытуға күш салу қажет. «ҚазСуШар» республикалық деңгейде стратегиялық маңызы бар нысандарды ғана басқаруы тиіс», - деді депутат.