5 Тамыз 13:41
...

«Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз» — Президент

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі.

Алматы, NEGE. Президент Қазақстанның серіктестермен бірге аймақтағы өзара байланысты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және ұзақ мерзімді әрі орнықты өсімге ықпал етуді көздейтін елеулі шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

– Біз Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – темір жолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді. Біз сондай-ақ цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астана қаласында AlemAI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Серіктестерімізді қатарымызға қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.

– Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақсаттарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.

– Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз, – деді Мемлекет басшысы.