Қазнет жұлдызының Күрес федерациясы вице-президенті атануы жұртқа неге жақпады?
Белгілі әзілкеш әрі блогер Айдос Қожахметовтің Қарағанды облысы күрес федерациясының медиа жөніндегі вице-президенті лауазымына ие болуы желіде қызу талқылануда.
Астана, NEGE. Әзілкештің жауапты қызметке тағайындалғанын облыстық күрес федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Айдос Қожахметов – қазақстандық блогер, әзілге құрылған күнделікті өмірден алынған бейнероликтердің авторы, стендап-әзілкеш, актер әрі әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы. Ол күнделікті өмірі, отбасы, адамдар арасындағы қарым-қатынас және қазақстандық тұрмыс туралы қысқа роликтерімен танымал. Оның қарапайым әзіл мен көпке таныс жағдайларға негізделген видеолары миллион қаралым жинайды», – делінген Федерация хабарламасында.
Сондай-ақ оның музыкамен айналысатыны, әндерінің негізгі тақырыптары – отбасы құндылықтары екені және бұқаралық ақпарат құралдарында ол көбіне мейірімді әрі әзілге құрылған бейнероликтер түсіретін қазақстандық блогер ретінде сипатталатыны аталып өткен.
Бұл жаңалық желі қолданушылары арасында қызу талқыға ұласты. Бір топ әзілкешті жаңа қызметімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп жатса, енді бір топ блогердің федерацияға келуін сынға алуда, кейбір желі қолданушылары «вице-президент» лауазымының қадірі қашып бара жатқанын алға тартқан.
«Неге болмасын? Ішімдік ішпейді, темекі шекпейді, отбасылық құндылықтарды, спортты насихаттайды. Көңілді, танымал жігіт. Енді Қарағанды облыстық күрес федерациясын Қарағандыдан тыс жерлердегілер де біле бастайды. Жарайсың, Айдос, бұл – жаңа деңгей!».
«Айдос – өте креативті әрі тапқыр азамат. Ол дұрыс ұстанымдарды қолдайды. Бұл салада бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа деңгейге көтере алады».
«Шынымен медиа мәселері жөніндегі вице-президент лауазымы бар ма еді? Қазіргі уақытта баспасөз хатшысын солай атай ма?».
Тағы бір желі қолданушылары әзілкештің қазақ тілін шала білетініне шүйлікті.
«Сенен не пайда? Түсіріп жүрген контентің – далбаса, сайқымазақ секілді күле бересің. Менің Ақтөс деген итім қазақ тілін сенен жақсы біледі, түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Сенікі – сауатсыздық».
Әзілкештің өзі жаңа қызметі жөніндегі желідегі пікірлерге әзілмен жауап бергенімен, бұл лауазымға кім ұсынғаны, қандай мақсат қойып отырғанын, нақты нендей міндеттер атқаратыны жөнінде пікір білдірген жоқ.
Қарағанды облысы грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясы президенті болып жақында ғана Жасұлан Орынбаев тағайындалды. Ол – Семейдің тумасы, «VT-Stroy RTD» ЖШС директоры. Компания құрылыс саласында, соның ішінде тау-кен өндірісі саласы мен шахта құрылысына маманданған.
Қазір оқып жатыр
Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 540 теңгеге жетуі мүмкін
Ержан Жиенбаев Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды
Депутат Ербол Айтуов қайтыс болған клиникада жансақтау бөлімі болмаған
Перуашев «Штрафстан» сөзіне тағы жауап берді: Президенттің сынын сабақ ретінде қабылдау керек