24 Наурыз 19:41
...

«ҚазМұнайГаз» – 2022. Ұлттық компанияның табысы артқанымен НЕГЕ оның проблемасы көбейіп барады?

Фото:

«ҚазМұнайГаз» АҚ тобы өзінің 2022 жылдың қортындысы бойынша шоғырланған қаржылық есебін жариялады. Шоғырланған есепке «ҚазМұнайГаздың» өзі ғана емес, оған еншілес компаниялардың да көрсеткіштері еніп отыр.

«ҚазМұнайГаз» тобының 2022 жылғы выручкасы 8,6 триллион теңгеге жетті. 2021 жылы осы выручканың 6,4 триллион теңге болғанын ескерсек, өсім байқалады. Таза табыс та едәуір өскен. Былтырғы жылдың қортындысы бойынша ұлттық компания 1,31 триллион теңге таза кіріс алды. Оның 1,28 триллион теңгесін акционері «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына аударып береді.

"ҚазМұнайГаз" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген және шоғырланған қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Бірақ ҚМГ-да бәрі жақсы дей алмаймыз. Компанияның жалпы қарызы 3,7 триллион теңгеден 4,1 триллион теңгеге өскен. Ұлттық компания жыл сайын қарыз алады. 2022 жылы осы қарыздарды төлеп отыруға 216 миллиард теңге жұмсады.

Одан да үлкен проблемасы – өндірістік шығындардың күрт өсуі. 2021 жылғы 721 миллиард теңгеден өндірістік шығындар 1,1 триллион теңгеге бірден секірді. Онымен бірге, тауарлар мен қызметтің өзіндік құны 3,6 триллион теңгеден 4,9 триллион теңгеге қымбаттады.

"ҚазМұнайГаз" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген және шоғырланған қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Биылғы ақпан айының 20-сынан бастап биржада «ҚазМұнайГаз» акциялары қайтадан құлдырай бастады. Қазір Қазақстан қор биржасында ҚМГ жай акциясының бағасы 8 843 теңгеден саудалануда. Дүркіреп өткен IPO-да оның 8 406 теңге бастапқы бағамен саудаға шыққанын ескерсек, инвесторлардың 5,1% кірістілікті ғана місе тұтып отырғанын көреміз. Негізі, осы IPO-ға жеке инвесторлар ҚМГ акцияларының бағасы 10 мың теңгеден асады деген үмітпен барған болатын.

ҚМГ үміт күткен бірнеше кен орны сол үмітті ақтамады. «Оңтүстік Өріктау» кен орнынан мұнай шықпады және ол компанияға 8,9 миллиард теңге шығын әкелді. Ұлттық компания «Исатай» кен орнын барлап, одан да ештеңе таппады. Исатайды барлау мен бұрғылауға 3,1 миллиард теңге қаражат кетті.

Мұнай табылмаған кен орындарын «ҚазМұнайГаз» мемлекет меншігіне қайтарып берді. Бірақ жаңа кен орнын іздеуді жалғастыра беру керек. Себебі, ұлттық компания балансындағы Кеңес одағынан қалған кеніштер сарқылуға жақын. Ал біздегі ең ірі, жаңа кеніштердің басында шетелдік алпауыт компаниялар отыр.

Тегтер: