5 Маусым 14:49

Қажылыққа баратындар вакцинасыз Сауд Арабиясына кіре алмайды

Арабия
Фото: ғаламтордан

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы қажылыққа келушілердің вакцина алу нұсқауларын жариялады. Бұл қажылардың денсаулығы үшін маңызды.

Алматы, NEGE. 2024 жылғы қажылық (мұсылман жыл санауы бойынша 1445 жыл) 14 маусымда басталады. Қазақстандық қажылар алдын ала – 5 маусымнан бастап барады.

Жыл сайын қажылыққа әлемнің түкпір-түкпірінен екі миллионға жуық мұсылман келеді. 2024 жылы Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі Қазақстанға 10 мың адамға арналған квота бөлді. 

Жыл сайын Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі қажылық және умра кезінде киелі жерге барғысы келетін қажылар мен жұмысшылар үшін кіру визасының талаптары мен нұсқауларын жариялайды.

Сауд Арабиясына бару үшін менингококтық менингит, полиомиелит және сары безгекке қарсы вакцина міндетті түрде болуы тиіс.

Барлық елден, соның ішінде Қазақстаннан келген қажылардан менингококкты менингитке қарсы вакцина талап етіледі.

Сауд Арабиясы қажылыққа немесе умраға келетін бір жастан асқан барлық саяхатшылардан төрт валентті (ACWY) менингококқа қарсы вакцинаны соңғы 3-5 жыл ішінде (вакцинаның түріне байланысты) және қажылыққа бару алдында кемінде 10 күн ішінде алғанын растауы керек. 

Қажылыққа барушылардың сары безгек пен полиомиелитке қарсы екпелері де болуы тиіс. Талап сары безгегі мен полиомиелиттің таралу қаупі бар елдер тізімінен келген қажыларға қатысты, оған Қазақстан кірмейді.

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі шетелдегі қажыларға корольдікке келмес бұрын тұмауға қарсы екпе алуды ұсынады. Бұл әсіресе тұмаумен сырқаттану қаупі жоғары адамдарға, соның ішінде жүкті әйелдерге, бес жасқа дейінгі балаларға, егде жастағы адамдарға және денсаулық жағдайы нашар адамдарға қатысты.

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі қарт адамдарға (65 жастан асқан), созылмалы аурулары бар адамдарға (мысалы, жүрек ауруы, бүйрек ауруы, тыныс алу жолдарының аурулары, қант диабеті) және иммун тапшылығы, қатерлі және өлім тудырушы аурулары бар қажыларға, жүкті әйелдер мен 12 жасқа толмаған балаларға қажылық жасауды өз қауіпсіздігі үшін кейінге қалдыруға кеңес береді. 

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажыны денсаулық сақтау ережелерін сақтауға шақырды.

Сауд Арабиясы денсаулық сақтау органдарының қажыларға қойған толық талабын Корольдіктің Денсаулық сақтау министрлігі сайтында ағылшын және араб тілдерінде табуға болады.