«ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» институты» 23 ақпанды НЕГЕ тойлайды?

Елімізде 23 ақпанды тойлайтындар әлі көп. Кейбір мекеме сырттай жалаулатып, көрсетпесе де, ішінара қызу атап өтеді. Соның бірі – жылу электр станциялары мен орталықтандырылған жылумен қамту жүйелерін кешенді жобалайтын мекеме «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» институты» АҚ.
Бүгін бұл мекемеге кездейсоқ бас сұқтым. Ғимараттың ішіне енгенде бірден арнайы тапсырыспен жасалған үлкен баннерге көзім түсті. «23 февраля – День Защитника отечества» деп бадырайтып жазыпты. Тәуелсіз Қазақстанда, оның үстіне «Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құрамыз» деген қазақ елінде бұл мейрамды ұмыта алмай жүргендерге не жорық? Әлде, бізде тойлайтын басқа мерекелік күндер жетпей ме?
Иә, 23 ақпан – кеңес әскерінің құрылған күні. Мұны Кеңес одағының мұрагері Ресей тойлайды. Бұл күн 1922 жылы 27 қаңтарда Ресей социалистік федеративтік кеңестік республика болып тұрған кезде енгізілді. Ал Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұл мереке Ресейде «Отан қорғаушылар күні» ретінде тойланады және Ресейдің әскери даңқы күні болып есептеледі.
Сондай-ақ, Ресейден бөлек, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстанда Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтсе де, сол кеңестік жүйенің құрамында болған Украина, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан сынды елдердің ер азаматтары 23 ақпанды есіне алып жатыр ма?
Алайда, бұл мерекенің тәуелсіздігін жария еткеніне 32 жылға аяқ басқан Қазақстанға қаншалықты керегі бар? Әлде мекеме кеңестік жүйенің сарқыншағынан әлі күнге арыла алмай жүр ме? Тіпті, «мұнда кеңес кезінде әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар жұмыс істейді» деген уәж айтса да, бұл құлдық санадан арыла алмай жүргенімізге дәлел емес пе? Әрбірден соң мұны тәуелсіздікке жасалған қиянат десек, артық емес шығар.
NEGE тілшісі «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» институты» АҚ-ның сайтында көрсетілген телефон нөміріне хабарласып, «Сіздердің мекеме 23 ақпан күнін неге мереке ретінде атап өтіп жатыр?» деген сауалды қойған. Бірақ институт қызметкері ләм-мим деместен тұтқаны қоя салды.
Жалпы, Қазақстанда 7 мамыр – ресми түрде Отан қорғаушылар күні. 1992 жылы 7 мамырда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылды. Елімізде Отан қорғаушылар күні бейресми түрде барлық жастағы ер адамдар үшін мереке.
Бір өкініштісі, тәуелсіздік алып, егеменді республика болсақ та, Кеңес үкіметі кезінде әскер қатарында борышын өтеген ата-ағаларымыз үшін 23 ақпан – әлі де мереке. Ал «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» институты» АҚ-да тек кеңестік кезеңде әскерде болғандар ғана жұмыс істемейтін шығар. Сонда кейінгі жастарға қандай үлгі-өнеге көрсетіп жатырмыз? «Өз елінің патриоты болу, отанын сүю» деген жалынды сөздерді кім үшін айтып жүрміз?