22 Қыркүйек 17:06
...

Қазбек Бейсебаев: Африкадан келген мигранттарды құзырлы мекемелер НЕГЕ тексермейді?

Фото:

Соңғы жылы әсіресе Алматы қаласы және оның іргесіндегі елдімекендерде қара нәсілді азаматтар көбейген. Маусым айында Африка елдерінен келген заңсыз еңбек мигранттары Қонаев қаласынан ұсталған еді. Елімізге африкалық мигранттар қалай келіп жатыр? Саясаткер-дипломат Қазбек Бейсебаев  NEGE-ге берген сұхбатында мұның артында қазақстандық шенеуніктердің жемқорлық әрекеті болуы мүмкін деген күдігін жасырмады. 

    – Алматы көшелерінен қара нәсілді азаматтарды жиі кездестіретін болғанбыз. Олар елімізге қалай және қандай жолмен келген?

   – Қазақстанға басқа ел азаматтары визасыз және виза арқылы кіре алады. Визасыз келуге рұқсат етілген елдер азаматтары біздің шекарадан еркін өте алады. Ал визамен келу деген не? Ол Қазақстанға келетін азаматты бізден біреу шақыруы керек. Ал шақыруды жіберетін заңды және жеке тұлғалар. Шақыру алғаннан кейін ол біздің Қазақстанның елшілігіне барады. Елшіліктегі консул бөлімінде қажетті құжаттарды тапсырады, сосын виза анкетасын толтырады. Өтініш берушінің құжаттары елшілікте біраз уақыт қаралады. Визаны Сыртқы Істер Министрлігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің рұқсатымен береді. Сосын әр мемлекеттің өзінің «қара тізімі» болады. Ол азаматтың террорист немесе қылмыскер емес екенін тексереді. Соның барлығын сүзгіден өткізгеннен кейін ғана виза мақұлданады. Бізге визамен қалай келуге болады? Африка азаматы мысалы бізге іскерлік үшін келе алады немесе ғылыми конференцияға қатысу үшін келуі мүмкін және туристік визамен келсе болады.

Бірақ олар неге көбейіп кетті? Оларды көптеп шақырып жатқан кімдер? Олар туристке ұқсамайды. Африканың экономикалық ахуалы нашар болғандықтан, олардың бізге турист болып келетін жағдайы жоқ. Оның үстіне Қазақстан туристік ел де емес. Бизнесменге де ұқсамайды. Осынша бизнесмен бір уақытта елге қалай келеді? Оған ешкім жауап беріп жатқан жоқ.

Егер тым көп өтініш түссе, шетелдегі консул бұған күдіктеніп, орталыққа хат жіберуі қажет. Міне біздің елшілікке күніне жиырма құжат түсіп жатыр. Бұларды кім шақырып жатыр, не үшін шақырып жатыр? Біз қарасақ бұлар туристке ұқсамайды, сондықтан бұл жағдайда не істеуіміз керек екеніне бағыт-бағдар берулеріңізді сұраймыз деуі керек. Өйткені ол консул бірінші Қазақстанның мүддесін ойлауы тиіс.

Еңбек мигранттары келіп алғаннан кейін, оларды қайта шығара алмайды. Өйткені біз «Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға» қосылғанбыз. Сондықтан оларды қолдауымыз керек. Негізі оларды қайтаруымыз тиіс, бірақ ақшасы жоқ адамды еліне қалай қайтарамыз? Себебі олардың мемлекеттерінің жағдайы өте нашар. Адам саны көбейіп, азық-түлік жетпей жатыр. Жағдай формалды түрде дұрыс, бірақ үлкен күдік бар.

    – Неден күмәнданасыз?

   – Кеше ғана Польшада шетел азаматтарына виза беру бойынша дау туды. Польша консулдықтары Азияның бірқатар елдерінде Шенген визасын бергені үшін пара алған. Шақырту мен виза алу бойынша құжаттар жалған болып шықты. Сыртқы Істер министрінің орынбасары бұл іске қатысы бар болған. Бұл жағдай виза беру парақор шенеуніктердің жақсы бизнесіне айналуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан бізде да осындай жағдай туындады ма деп күмәнданамын.

Бұл жерде виза беретін Сыртқы  Істер Министрлігі, сосын оларды елге кіргізуге өз келісімін беретін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және африкалық қонақтардың осы жақтағы жағдайын бір тексеріп өтетін Ішкі Істер Министрлігінің қатысы бар. Менің ойымша олар бұл мәселеге әдейі көздерін жұмып отыр.

Бұл жерде жемқорлық бар ма деген үлкен күдігім бар. Осы мәселені көтеріп жүргеніме бір жыл болды. Бірақ маған сіз «расистсіз» дейді. Егер олар осында заңды түрде келіп, кәсіп орнын ашып, жұмыс істесе қандай әңгіме туындар еді? Келсін, Қазақстанмен қарым-қатынасын жақсартсын. Бірақ олар туристік визамен келіп алып, осы жақта ұзақ уақыт жүр ғой.

  – Африкалық заңсыз мигранттардан қандай қауіп бар?

   – Біз өз азаматтарымызға жұмыс таба алмай отырғанда «жақсы өмір іздеген» африкалықтар еңбек мигранттары болып жаппай келіп жатыр. Сосын біздің елде денсаулық сақтау жүйесі қалыптасқан, ал бұл африкалық мигранттардың денсаулығы қандай, түрлі аурулардан вакцина алған ба, жоқ па, мұны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Африка басқа ел. Олардың медицинасы қандай деңгейде екенін білеміз. Оларды бізбен салыстыруға болмайды. Африкалық мигранттардың жаппай келуін дереу тоқтату керек. Ал біздің шетелдегі жауапсыз қызметкерлерді жауапқа тарту қажет.

Балжан Жеңісқызы, Астана

Тегтер: