19 Наурыз 18:35
...

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ: Путин Шаймиев арқылы Назарбаевқа «кет» деген

Отставка
Фото: Фото: Михаил Метцель / ТАСС

«Назарбаев биліктен НЕГЕ кетті деген сауалдың басы әлі ашық. Кейбір сарапшылардың айтуынша, биліктен кетуге сырттан қысым болған.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ оның биліктен өз еркімен кетпегенін, сыртқы мәселелер әсер еткенін ашық айтып жүр. Дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВ та осы пікірді қолдайды. Тіпті, ол Назарбаевтың сыртқы саясаттағы қадамдарына талдау жасап, егжей-тегжейіне үңіліп, бұл шешімге кімнің ықпал еткенін тілшімізге айтып берді.

Саясаттанушы
Фото: ғаламтордан

– Ешкім биліктен өз еркімен кетпейді. Кетсе, бір себебі болғаны. Не денсаулығы сыр береді, не бір оқыс жағдай түрткі болады. Анығы, Назарбаевты биліктен кетуге мәжбүрледі.

Шынтуайтында, ол билігінің мерзімін барынша ұзартқысы келді. 2011 жылы «Назарбаев сайлаусыз билікте отыра берсін» деген ұсыныстар да айтылды. Алпауыт елдермен жақсы қарым-қатынаста болды. Қытайға «Ақтөбемұнайгазды» берді, Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Бірақ шексіз, мәңгі билік жүргізуге АҚШ қарсы шықты. «Сайлаусыз билікте отыру – демократия принциптеріне қайшы» деп америкалық елші ашық айтты.

Сондықтан Назарбаев 2012 жылдан бастап Батыстың көңілін тауып, Ақ үйге жол іздеуге мәжбүр болды. Өз қызын Дариға Назарбаеваны премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындады. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрді кеңесші етіп алды. Оған қыруар ақша төледі.

2015 жылы Элизавета ханшайымға бірге барып, қызын таныстырды. 2018 жылы қаңтар айында АҚШ-қа сапарлады. Ол кезде сенатор қызметіндегі қызы Дариға Назарбаеваны тағы да қасына ертті. АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трампен кездесіп, АҚШ-пен әскери салада, қауіпсіздік салаларында бірқатар ынтымақтастыққа қол қойды. АҚШ-тың әскери жүктерін Каспий теңізі арқылы Әзірбайжаннан Қазақстанға, сосын оны Ауғанстанға жіберуге келісті. Сол кезде АҚШ-пен басқа да құпия келісімдерге қойды.

Трамп
Фото: ғаламтордан

Ақ үйге барғандардың ішінде Назарбаевтың өзі, қызы Дариға Назарбаева және Кәрім Мәсімов, сол кездегі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Қорғаныс министрі Руслан Жасұзақов болды.

АҚШ-пен жасалған құпия келісім Ресейді қатты ашуландырды. 2018 жылы Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанаға келіп, Каспий арқылы АҚШ-тың әскери жүк тасуына табанды қарсылық білдірді. Осы жылы май айында Еуразиялық экономикалық одақтың отырысы Сочиде өтті. Бұл басқосуға Назарбаев бір күн ерте барып, Путинмен кездесті. Осыдан кейін Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасы қатты суып кетті.

Ресейде футболдан әлем чемпионаты өткен кезде, Путин әлемнің, соның ішінде Өзбекстанның, Қырғызстанның басшыларын қабылдады. Бірақ Назарбаевты қабылдамай қойды. Бірінші матчтан кейін Назарбаев Татарстанға барып, Минтемир Шаймиевпен кездесті. Не үшін? Татарстан деген Ресейдің бір аймағы ғана емес пе? Тәуелсіз елдің басшысы аймақ басшысымен кездесуіне не түрткі болды? Меніңше, Путин сол кезде Шаймиев арқылы Назарбаевқа «кет» деген.

2018 жылы Назарбаев Ақ үйге бірге барған сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, қорғаныс министрі Руслан Жасұзақовты қызметінен алып тастады. Сөйтіп, бұл екеуін құрбандыққа шалды. АҚШ сапарынан кейін Назарбаев Ресейге қарсы әркет жасап, бір ойын ойнай бастады. Меніңше, Назарбаевты биліктен кетуге мәжбүрлеген – Путин. Онсыз ол биліктен әсте кетпеуші еді.

кет
Фото: ғаламтордан

2018 жылы 30 желтоқсанда Назарбаев өз қолымен бір қаулыға қол қойып, өзін-өзі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Президент болып отырып, кеңес төрағасы болудың қажеті не? Меніңше, ол сол кезде кетуге дайындалған.

2019 жылы наурыз айының басында Біріккен араб әмірлігіне барып келді. Өзінің қаражат мәселесін шешуге барған болуы керек деп ойлаймын. Содан кейін ғана 19 наурызда биліктен кететінін жария етті.