«Қазатомөнеркәсіптің» басқарма құрамынан тағы бір топ-менеджер кетті
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов 26 қарашада өз еркімен қызметінен кетті.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде компанияның ресми хабарламасында айтылды.
«Компанияның Директорлар кеңесінің шешуімен Дархан Сағындықовтың "Қазатомөнеркәсіп" басқармасының мүшеcі ретіндегі өкілет мерзімі тоқтатылды», – делінген мәлімдемеде.
Осылайша, бірнеше күннің ішінде уран өндіретін ірі компанияның басқарма құрамында үшінші кадрлық өзгеріс болды. Бұған дейін өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған еді.
25 қарашада Қуаныш Омарбековті Ұлттық қауіпсіздік қызметі ұстағаны мәлім болды. Ол «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген.