Қазақтың бұлбұлы 90 жаста
Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды. Осы айтулы күнге орай, елімізде мерейтой иесінің құрметіне арналған түрлі салтанатты шаралар ұйымдастырылып келеді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында КСРО және ҚР Халық әртісінің 90 жасқа толуына орай концерт өткізілді. Думанды кеш араға бір ай салып Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған «Жыл әні - 2019» фестивалімен жалғасын тапты.
«Барыс Арена» мұз айдынында өткен мерекелік шарада Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағанбетова, Майра Ілиясова, Қыдырәлі мен Қарақат, Толқын Забирова, «Музарт» тобы, «Жігіттер» тобы, Ерке Есмахан сынды әншілер қатысты. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған аталмыш мәдени шарада қазақ эстрадасының өнері өкілдері бір сахнада бас қосты.
Айта кетейік, «JYL ÁNI» - Қазақстан Респубикасының тәуелсіздік күні мен КСРО Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 90 жылдық мерейтойының құрметіне орай ұйымдастырылған музыкалық фестиваль. Шараның мақсаты - ұлттық музыканы дүйім жұртқа дәріптеу әрі насихаттау болып табылады.
Қазақ өнері өкілдерінің басым бөлігі төбе көрсеткен концертте 50-ге жуық алтын хиттер көрермен назарына ұсынылды. Таңдаулылар жолдама алған бұл кеште елімізге еңбегі сіңген әртістерден бастап, орта буын және жас орындаушылар ретро туындыларды шарқады. Бибігүл Ахметқызын мерейтойымен құттықтап келген өнерпаздар фестивальдің арнайы мүсіншесімен марапатталады.
Кешке келген көрермендер мерейтой иесін құттықтап, қошемет көрсетті. Шара соңында өнер өкілдері ең әдемі мейрамхананың бірінде опера примадоннасымен бірге айтулы күнді атап өтті. Қазақтың бұлбұлы жиналған қауымға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.