«Қазақтелеком» Түркістан облысы бойынша 63 eQoldau нүктесін орнатты

Компания қызметкерлері Түркістан облысының шалғайдағы ауылдарына жоспарланған eQoldau қоғамдық қол жеткізу пунктерін орналастырып болды. Енді «Қазақтелеком» теріскейге қарай бет алды.
Цифрлық терминалдардың көмегімен облыс тұрғындары цифрландырудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалана алады. Яғни электрондық мемлекеттік қызметтерді әп-сәтте рәсімдеп, телекоммуникация қызметтерін қосуға өтініш бере алады, онлайн сатып алулар жасап, онлайн аударымдарды жүзеге асырады, сондай-ақ медициналық қызметтерге бір түймешені басу арқылы өтініш беруге жағдай жасайды.
Түркістан облысында алғашқы eQldau терминалдары орнатылған аймақтардың бірі – Сарыағаш ауданы. Екі ауылдың, Алматау мен Таскескеннің тұрғындары қоғамдық қол жеткізу нүктесі ұсынатын жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып үлгерді. Осы ретте айта кету керeк, еQoldau терминалы ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін цифрлық қызметтер әлеміне арналған электронды көмекші және нұсқаушы түрі болып табылады.
Ең бастысы, ол қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюдың ауқымды міндетін шешетін тағы бір тиімді тетікке айналғаны рас.
«Жақында жұмысқа анықтама қажет болды. eQoldau көмегімен ЭЦҚ арқылы өтініш толтырып, барлық қажетті құжаттарды лезде алдым. Сонымен қатар терминалда Түркістан облысындағы еңбек биржасын да қарап шықтым. Бұл өте ыңғайлы, терминал арқылы жұмыс табуға немесе қажетті жұмысшыларды қызметке алуға мүмкіндік бар», – дейді Алматау кенті әкімдігінің маманы Арын Мұқағали.
Айтпақшы, eQoldau терминалдарында USB қосқыштары қарастырылған, одан бөлек пайдаланушыны сәйкестендіруге арналған деректерді оқу жүйесін қамтамасыз етеді, және Wi-Fi сигналын тарату мүмкіндігі бар. Мұның барлығы мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын электронды форматта алуға және компьютері жоқ тұрғындарға қажетті құжаттарды жүктеп алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, eQoldau арқылы ауыл тұрғындары өздерінің зейнетақы шоттарының жай-күйін тексере алады, тіркелген жылжымайтын мүлік туралы анықтама ала алады, телемедициналық қызметтерді пайдаланып, пошта қызметтеріне және курьерлік жеткізілімдерге тапсырыс бере алады, сонымен қатар теміржол және әуе билеттерін осы платформадан сатып алуға болады.
«eQoldau біздің ауылға жақында орнатылды. Жаңа мүмкіндіктерді біліп, бірден терминал орналасқан жергілікті әкімдікке келдім. Коммуналдық қызметтерді төлеу керек болды. Барлық төлемдерді бірден өңдеуге болатыны өте ыңғайлы. Құрылғының тағы бір артықшылығы – ол арқылы тегін Wi-Fi желісіне қосылуға болады», – дейді Таскескен ауылының тұрғыны Мұрат Әжбаев.
Естеріңізге сала кетейік, ауылдарды eQoldau қоғамдық қол жеткізу пункттерімен жабдықтау жобасын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ең ірі байланыс операторы қолға алған болатын. Оның басты міндеті – ауыл тұрғындарын ең заманауи технологиялармен және қызметтермен қамтамасыз ету болса, бүгінде Түркістан облысы eQldau терминалдарымен толық жабдықталған. Қазірдің өзінде Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Келес, Созақ, Төлеби, Түлкібас, Шардара аудандарында терминалдар орнатылған – барлығы 63 қоғамдық қол жеткізу нүктесі бар.
«Бүгінгі таңда Түркістан – көптеген процестерді цифрлық форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан серпінді дамып келе жатқан аймақ және біз осы өңірді толықтай eQldau терминалымен қамтамасыз еткен алғашқы аймақ екенін ерекше айтамыз және қуанамыз. Қоғамдық қол жеткізу нүктелері өткен жылы жүзеге асырылған талшықты-оптикалық байланыс желісінен кейін ауылдарды цифрландыру үшін жасалған тағы бір қадам деп санауға болады. Жоба аясында еліміздің ауылдарында барлығы 553 eQoldau қоғамдық қол жеткізу пункттері орнатылады», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік сегмент бойынша бас директоры Алмат Қараманов.
Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» мамандары Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына ойысып, бұл өңірде 70-тен астам қоғамдық қол жеткізу пункттерін орнатуды жоспарлауда. Бұл қадам ауылды цифрландыру және процестерді автоматтандыру деңгейін арттыруға, қызмет көрсету және аймақ тұрғындарының қажеттіліктерін тиімді реттеуге көмектеседі.
Айта кету керек, eQoldau қоғамдық қол жеткізу пункттерінің желісін құру «Қазақтелеком» компаниясының өткен жылы ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша ауқымды жобаны аяқтағаннан кейін мүмкін болды. Ол кезде телеком оператор республиканың 828 ауылында «оптика» жүргізіп, 2,5 мыңнан астам мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарды кең жолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз еткен болатын.