14 Желтоқсан 13:57
...

«Қазақтелеком» қызметкерлері КИМЭП-те оқуды бастады

Фото:

«Қазақтелеком» КИМЭП Университетімен бірлесе отырып, өз қызметкерлерінің басқарушылық және кәсіби құзыретін арттыру бағытында тағы бір жобаны іске қосты.

9 желтоқсаннан бастап алдағы бір жарым жыл ішінде ірі байланыс операторының 20 қызметкері Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында Executive MBA бағдарламасы бойынша білім алады. Осылайша, студенттердің оқу процесінде алған арнайы білімі тиімді басқару стратегиясын құруға қажет жүйрік әрі ерен ойдың қалыптасуына оң әсер етіп, сонымен қатар бұл білімін бүкіл компанияда одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде, Қазақстанның бүкіл телекоммуникация саласының дамуына оң ықпал етеді.

Айта кету керек, «Қазақтелеком» қызметкерлерін оқыту биылғы жылдың қыркүйек айында байланыс операторы мен КИМЭП Университетінің басшылық кадрларды дайындайтын оқу орталығы  бекіткен меморандумының аясында жүзеге асырылды.

Білім алуды бастаған 20 қызметкер 1,5 жыл ішінде біліктілігін арттырады, сонымен қатар EMBA бағдарламасы бойынша тұлғалық өсу мен көшбасшылықты дамыту негіздерін меңгереді. Курстар 15 модульді қамтиды және екі қалада – Нұр-Сұлтан мен Алматыда өтеді.

Бұл екі жақты құжат «Қазақтелекомға» өз қызметкерлерін КИМЭП-тің әртүрлі оқу бағдарламаларына оқытуға ғана емес, сонымен қатар университет түлектерін өз командасына тартуға және  университет студенттерін ProTelecom тағылымдамалық бағдарламасына шақыруға мүмкіндік береді.

«Ең ірі технологиялық компания ретінде біз үшін ең маңызды ресурс пен қозғаушы күш – адамдар болды және осылай болып қала береді. Кез келген жобаның немесе бизнестің табысты болуы бүгінгі қызметкерлердің біліктілігіне, біліміне және дағдыларына тікелей байланысты. Осыны түсіне отырып, біз «Қазақтелекомда» қызметкерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз және қазіргі уақытта біздің білім беру жүйеміз – оқытудың әртүрлі түрлерін қамтитын салалы құрылымға айналды. Мұның қатарында қызметкерлерді ынталандыру үшін компания қаржыландыратын арнайы бағдарламалар, курстар, шеберлік сабақтары, вебинарлар және т.б. қызметтер бар.

Қызметкерлеріміздің алған білімдері мен дағдылары одан әрі бүкіл департаментте, бөлімде таратылады, бұл компанияның және тұтастай еліміздің телекоммуникация саласының дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – дейді «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлер, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Берік Битабаров.

Айта кету керек, «Қазақтелеком» үшін КИМЭП-пен ынтымақтастық қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Қазіргі уақытта байланыс операторының қызметкерлері тек Қазақстанда ғана емес (Executive MBA бағдарламасы, Назарбаев Университеті), сонымен қатар ТМД елдерінде және алыс шетелдерде білім алуда.

Атап айтқанда, компания қызметкерлі қазіргі таңда Кембридждегі General Electric, BAS University, Сколково Мәскеу басқару  мектебінің цифрлық трансформация орталығы сияқты оқу орталықтарында оқып жүр. Сонымен қатар, компанияда корпоративтік оқу орталығының қызметін атқаратын және кадрлардың біліктілігінің, білімі мен кәсіби мүмкіндігінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге жауапты «Инфокоммуникациялық технологиялар академиясы» дирекциясы құрылды.

Жалпы, «Қазақтелеком» АҚ мамандарын даярлау және қайта даярлау жүйесі алдыңғы қатарлы әдістермен, соның ішінде әлемдік жетекші компаниялардың халықаралық тәжірибесін зерделеу арқылы үнемі толықтырылып отырады.

«Біріншіден, мен компанияма Executive MBA бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Бұл – бір жағынан өзімді көрсетудің тамаша мүмкіндігі, ал екінші жағынан, әрине, мен үшін үлкен жауапкершілік. Әріптестеріммен бірге осы бір жарым жыл ішінде оқу барысында алатын білім мен дағдылар компания ішіндегі бизнес-процестерді өзгертіп, оларды оңтайландырып және жақсартып қана қоймай, сонымен қатар біздің ойымызды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Оқуды бітіргеннен кейін біз жобаларға басқа қырынан қарайтынымызға сенімдімін. Жан-жақты, әртүрлі факторлардың өзара әсерін ескере отырып, жүйелі көзқарас негізінде шешімдер қабылдаймыз», – дейді «Қазақтелеком» АҚ филиалы Корпоративті бизнес дивизионының «Digital office» департаментінің директоры Іңкәр Хұсаинова.

«Менің ойымша, EMBA маған компанияға біртұтас жүйе ретінде қарауға көмектеседі, мамандарды тиімді  басқару бағытында көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді, екінші жағынан, бұл терең білімі, өзіндік қалыптасқан әдістемесі бар және оны талдау тәсілдері жинақталған бизнестің әртүрлі саласындағы адамдармен тығыз қарым-қатынас жасау мүмкіндігін ашады. Бұл өте қызықты тәжірибе болатыны сөзсіз. Жалпы өзін және біліктілігін арттыруды, ақыл-ой, эмоционалдық, интеллектуалдық өсімді қалаған әрбір саланың маманы жаңа білімді меңгеруге және өзін-өзі дамытуға әрдайым ұмтылуы керек деп ойлаймын. Тренинг маған өзімді танып қана қоймай, өз мақсаттарымды білуге ​​ғана емес, сонымен қатар кез келген тапсырмаларды орындауға көмектесетін құралдар портфолиосын жасауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік ӨТД филиалының кадрлар бөлімінің директоры Жандос Бимендеев.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың басынан бері «Қазақтелекомның» 23 мыңнан астам қызметкері біліктілігін арттыру үшін түрлі білім беру алаңдарында, курстар мен семинарларда оқытылды. Ал КИМЭП Университетімен келесі бағдарламаның басталуы бұл көрсеткішті сандық жағынан арттырып қана қоймай, сонымен қатар компанияның таланттарды тартуға және дамытуға бағытталған саясатына жаңа серпін береді.

Тегтер: