27 Желтоқсан 14:33
...

«Қазақтелеком» қашан бөлінеді?

Фото:

Бүгін ОКҚ алаңында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі брифинг өткізді. Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов осыған дейін байланыс нарығын монополиядан арылту үшін «Қазақтелекомнан» ұялы операторларды бөліп алу керектігін айтқан еді.

Үкімет сағатында да Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» «Самұрық-Қазынаға» қарайтындықтан, оған ықпал жүргізе алмай отырғанына шағымданған.

NEGE тілшісі төраға орынбасарынан қазір бұл бөлу процесінің қалай жүріп жатқанын сұрады. Алайда, бұл сұраққа Рустам Ахметовтің өзі емес, агенттік өкілі Қуат Асамбеков жауап берді.

Фото: ОКҚ

– Қазір ұялы байланыс нарығына қатысты екі бағыт бар. Бірінші – радиожиілік спектрін бөлу, екінші – негізгі компанияны бөлу. Осыған қатысты ұсыныстар әзірледік. Яғни, «Қазақтелеком» компанияларын бөліп, нарықта жеке кәсіпкерлерге сату. Мысалы, Kcell компаниясын. Бұл ұсыныс Үкімет жанындағы монополиясыздандыру комиссиясында енгізілді. Тиісті тапсырма Үкімет тарапынан Цифрлық даму министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларына берілді. Оның қалай болатынын, қалай бөлетінін қазір талқылап жатыр. Шешімін сонан соң айтуға болады, – деді агенттіктегі Отын-энергетика кешені департамент директорының орынбасары Қуат Асамбеков.

Қуат Асамбековтың сөзіне сүйенсек, «Қазақтелекомнан» ұялы операторларды бөлу процесі қаншалықты ұзаққа созылатыны белгісіз. Және бұл «бөлініс» елдегі тұралап қалған байланыс жүйесін жақсарта ма немесе одан сайын кері әсер ете ме, ол да белгісіз. Белгілісі – бұл мәселе жол картасында көзделеді.

– Біздің БҚДА концепциясы бойынша, әрбір министрлік өз нарығында бәсекелестікті дамыту жол картасын әр жыл сайын әзірлеуі керек. Ұлттық компаниядан бір операторларды бөлу сол жол картасында көзделуі мүмкін, – деген болжам жасалы агенттік өкілі.

Тегтер: