USD
USD
USD

Қазақта жүзге кірмейтін рулар көп – тарихшы

Қазақта жүздер құрамына кірмейтін төре, төлеңгіт және қожадан бөлек те рулар мен этникалық топтар бар. Тарихшы Жақсылық Сәбитов олардың саны осы үшеуімен шектелмейтінін айтты. 

Қазақ рулары
Фото: NEGE/ЖИ иллюстрациясы

Астана, NEGE. Қазақтың дәстүрлі рулық құрылымында үш жүздің құрамына кірмейтін бірқатар топ болған. Солардың бірі – Шыңғыс ханнан тараған төрелер. Қазақ хандары мен сұлтандары осы әулеттен шыққан. Сондай-ақ жүздік жүйеге қожалар мен төлеңгіттер де кірмеген.

Ғалымның айтуынша, мұндай топтар төре, қожа және төлеңгіттермен ғана шектелмейді. Олардың қатарында Бөкей Ордасы аумағында қалыптасқан ноғай-қазақтар, Шымкент өңірінде тұратын көлегендер және Қазақстанның әр аймағында кездесетін басқа да этнографиялық топтар бар.

«Сырттан қосылған топтар да бар, бірақ олар белгілі бір рулардың құрамына енген. Мысалы, естек-кете Әлімұлының құрамына кіреді. Мұндай топтар көп», – деді тарихшы NEGE арнасының Decaf. жобасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Арал, Қызылорда және Ақтөбе өңірлерінде шығу тегі қырғыз халқымен байланысты қырғыз руының өкілдері тұрады. Бұдан бөлек, Көкшетау мен Бурабайда, сондай-ақ Қарағанды мен Орталық Қазақстанда да жекелеген этностық топтар кездеседі.

Тарихшының пікірінше, жүздердің құрамына кірмейтін мұндай топтар әлдеқайда көп. Олардың тарихы ғылыми тұрғыдан әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

Төлеңгіттер кім болған?

Тарихшы сұхбат барысында қазақ қоғамындағы үш жүздің құрамына кірмеген төлеңгіттердің тарихына да тоқталды. Төлеңгіттердің шығу тегі туралы ел арасында әртүрлі пікір бар. Соның бірі – оларды жаулап алынған елдерден әкелініп, құлға айналған адамдардың ұрпағы деп қарастыру.

Алайда тарихшы бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, төлеңгіттер құл болмаған. Олар хан-сұлтандардың маңында қызмет еткен, белгілі бір міндет атқарған жеке әлеуметтік топ болған. 

«Төлеңгіттер екі санаттан қалыптасты. Біріншісі – өз руынан бөлініп, руластарынан оқшауланып қалған қазақтар. Олар руымен байланысын үзіп, руластық қолдаудан айырылды. Сөйтіп, ханға қызмет етті. Екінші санатқа өзге халықтардың өкілдері кірді», – деді Жақсылық Сәбитов.

Тарихшының болжамынша, «төлеңгіт» атауы Алтай мен Жоңғария аумағын мекендеген алтайлық төлеңгіттерден шығуы мүмкін. Кейін бұл топтың құрамына қалмақтар, жоңғарлар, татарлар және өзге халықтардың өкілдері қосылған. Осылайша ханға тікелей қызмет еткен адамдар біртіндеп төлеңгіт руына айналған.

Ғалым қазақ қоғамында төлеңгіт руының қалыптасуын хандық биліктің ерекшелігімен түсіндірді. Оның сөзінше, қазақ қоғамында ру-тайпалардың ықпалы кейде ханның билігінен де басым түскен. Сондықтан ханға тікелей бағынып, бұйрығын бұлжытпай орындайтын күш қажет болды.

«Қазақ хандығында ру-тайпалардың ықпалы күшті болды. Руластар арасында өзара қолдау қалыптасты. Сондықтан олар кейде ханның бұйрығын орындаудан бас тарта алатын. Ал төлеңгіттер ханға жақын әрі оның сенімді адамдары болғандықтан, бұйрығын орындауға тиіс еді. Өйткені олар ханға тікелей тәуелді болды. Мысалы, хан белгілі бір руға қарсы соғысқа шығуды бұйырса, әлгі рудың адамдары: “Ол жерде біздің құдаларымыз тұрады. Біз оларға қарсы қалай соғысамыз?” – деп бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда хан оларды мәжбүрлей алмайтын. Ал төлеңгіттер ханға тікелей тәуелді болғандықтан, оның бұйрығын орындаған», – деді ол.

Айта кетейік, тарихшы редакциямызға берген сұхбатында қазіргі тарих оқулықтарының жазылу тәсіліне де тоқталған болатын. Оның айтуынша, мектеп оқулықтарында тарихи оқиғалар тартымды баяндалмайды әрі мәтіндері тым күрделі ғылыми тілмен жазылған.

Жаңа жобаны YouTube арнамыздан тамашалауға болады.

Қазір оқып жатыр

Әскери қызметшілерге қызметтен кетерден алты ай бұрын жұмыс табуға көмектеспек

Әскерилер

Н. Төреғалиев: Ақ Жайық өңірі көрші елдердегі қандастармен тұрақты байланыс орнатып келеді

Форум

Алматы әкімдігі билбордтар орнатуға 600-ден астам жер телімін заңсыз берген

Алматы

Күшті әсер ететін заттар Wildberries арқылы арықтауға арналған дәрі ретінде сатылған

күшті әсер ететін дәрілер