Қазақстанның Украинаға мұнай жеткізіп отырғаны анықталды
Nege.kz редакциясына келіп түскен материалдарға сенетін болсақ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жекелеген кәсіпкерлерінің арқасында еліміз халықаралық жанжалға іліккен сыңайлы. Тіпті, Ресей тарапының Қазақстанды тағы да ауыр айыптауына негіз бола алады.
Бұл құжаттарға сәйкес, Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі қазақстандық мұнайды Украинаға сату сызбасын анықтаған. Бұл сызба ҚМГ-ның Румыниядағы еншілес компаниясы Rompetrol арқылы көрсетілген. Қазір аталмыш құрылымды «КМG International» басқарады.

Ресей Федерациясы арнайы қызметтерінің құжаттарында осы іске қатысы бар менеджерлердің аты-жөндері де көрсетілген. Олар – Жасұлан Сейдахметов, Жанғұлов және Шабдарбаев. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың ұлы Арлан Шабдарбаевтың ҚМГ жүйесінде ұзақ уақыт жұмыс істегені белгілі.
"Румыниядағы Rompetrol мұнай өңдеу зауытына жөнелтілген мұнай Қазақстаннан Каспий құбыр консорциумының мұнай құбыры арқылы тасымалданып, кейін Қара теңіз арқылы танкерлермен жеткізілген. Румыниядағы Қазақстанның мұнай өнімдері Украинаға теміржол арқылы жөнелтілген. Осылайша, Жанғұлов пен Шардарбаев өкілдік еткен Rompetrol компаниясы Украинаға арнайы әскери операция кезінде жанармай жеткізіп көмек көрсетті", - делінген құжатта.

Ресейде Қылмыстық кодекстің «террорлық акт» және «қылмыстық қоғамдастық құру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Егер бұл мәлімет рас болса, біздің мұнайшылардың басына тықыр таянды деген сөз.