«Қазақстанның құрметті азаматы» атағының құны қанша?
Осыдан санаулы күн бұрын өнерде жүрген бірқатар шоу-бизнес өкілдері «ҚР-ның құрметті азаматы» атағына ие болды.
Қуанышы қойнына сыймаған олардың дені әлеуметтік желідегі парақшасында жұрттан жарыса сүйінші сұрады.
Олардың арасында «Славян базарының» гран-при иегері Рухия Байдүкенова, белгілі әнші Нұржан Қалжан, актриса Жұлдызай Дүйсенбиева, Лұқпан Жолдасовтың бала жастан өнер көрсетіп жүрген қызы Фариза Жолдасова және спортты серік еткен белгілі актер Еркебұлан Тоқтар бар.
Алайда, Рухия Байдүкенова бұл атақтың тосынсый болғанын айта келе, мемлекеттік награда емес, қоғамдық марапат екенін алға тартты. Десе де төсбелгі тағынып шыққандарды кейбіреулер құп көрмей, «Қай еңбегі үшін беріліпті?» десті. Ал өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан аға буын не дейді екен?
Жеңіс Ысқақова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі:
Атақтың да қадірі кеткелі қай уақыт
– Бұл мемлекеттік атақ емес, қандайда бір қоғамдық ұйымдар тарапынан берілген атақ болуы керек. Сондықтан өздеріне кім ұнайды соларға берген шығар.
Жалпы, өзім тікелей мемлекет тарапынан берілмеген марапатты салмақты дей алмаймын. Десе де ешқандай қарсылығым жоқ. Әркімнің өзіндік талғамы мен таңдауы бар. Шынымды айтсам, кім не алса да маған бәрібір.
Атақтың да қадірі кеткелі қай уақыт. Сондықтан болар жекке басымның атақ қумайтыны. Менің пайымымда әнші үшін ең жоғарғы баға – халықтың сүйіп тыңдауы. Егер көшеде келе жатқанда қасыңа жұрт келіп сүйіспеншілігін білдіріп, тілекші болып жатса нағыз құрметті атақ сол болып табылады.
Құдайберген Бекіш, ҚР Мәдениет қайраткері, эстрада әншісі:
Жас кезінде алмаса, қартайғанда қызығы да қалмай қалады
– Қазір мемлекеттік наградадан әртістерге «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағы мен «Құрмет» ордені ғана берілетін болды ғой. Ал бұдан өзге марапаттар қоғамдық ұйымдар тарапынан табысталып жатыр. Дегенмен, өз басым қандай атақ болса да жастарға болашаққа деген серпін береді деп ойлаймын.
Мұндай марапаттан олардың жұлдызы жанып кетпесе де елдің құрметін білдіреді. Қанша талант бола тұра көзі тірі кезінде елдің қошеметіне бөлене алмай кеткен жандар бар. Сондықтан мұндай бастамалар жастарды жігерлендіріп, талпындырып, ел алдында жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Кезінде өзім Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері атанғанда «мен де қоғамға керек екенмін» деп, санамда үлкен серпіліс пайда болған еді. Мысалы, Нұржан Қалжан қандай тамаша дауыс иесі. Әндерін жақсы көремін. Халықаралық әрі республикалық конкурстардың жеңімпазы болған бала. Жұлдызай да сатирада жүрген керемет актриса. Фарида Жолдасова да ес білгелі ән сахнасында келе жатыр. Әрқайсының өнерде өзіндік орыны бар. Осы орайда алған атақтары дер кезінде беріліп отыр деп ойлаймын. Жас кезінде алмаса, қартайғанда ол атақтың қызығы да қалмай қалады. Өзіміз ат төбеліндей ғана аз халықпыз. Жастарымыздың балағынан тартпай, керісінше, демегеніміз дұрыс. Себебі, болашақ – жастардікі.
Мұрат Ахман, ҚР еңбек сіңірген әртісі, актер, театр режиссері:
Еңбек сіңірген әртістері зейнетақысына дәрі ала, әлде тамағын ала ма?
– Бұрынғы кезде атақ деген араға жылдар салып, кезең-кезеңімен берілетін еді. Ал қазір жасына да, еңбек өтіліне де қарамайтын болды. Атақ артық болмайды. Бірақ соны бір тәртіпке келтіріп, белгілі бір жүйеге жұмылдырғаны жөн. Әйтпесе, қоғамда түсінбеушілік, тартыс, кикілжің көбейеді. Мысалы, Халық әртісін алу үшін алдымен «ҚР еңбек сіңірген әртісі» атағын алу тиіс болатын. Ал кейінгі кезде «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді де, Еңбек сіңірген әртістері құралақан қалды. Салдарынан мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық қызметке Мәдениет қайраткерлері жүгіне алатын болды да, алды сексенге таянған Еңбек сіңірген әртістері одан қалыс қалды. Олардың сапында Лидия Каденова, Гүлжамал Қазақбаева, Кәдірбек Демесіновтер бар.
Ал шынтуайтында 30-35 жас аралығындағы қайраткерлерге қарағанда ем-дом осы кісілерге қажет. Кейінгі кезде ол құрметтен қайраткерлер де қағылған көрінеді. «Тауық семірген сайын арты тарылады» дегендей, мемлекет көркейген сайын өнер мен шығармашылық адамдарына көрсетілетін құрмет азая түсті. Айлықтары да аз. Еңбек сіңірген әртістері зейнетақысына дәрі ала, әлде тамағын ала ма?
Театрда жасамыстарды жарты ставкаға ғана қалдырып, орынына жастарды алып жатыр. Оның өзінде рөлі барлар ғана қалуда. Ал бұрын өнерден өз қалауымен кетпейінше, сахнада жүре беретін. Шоудан танылғандар атақ-даңққа қол жеткізіп жатса, театрдың табалдырығын тоздырған әртістердің еңбегі бағаланбай тасада қалуда. Қиын уақытта өнерден кетпей, адалдық танытқан адамдардың еңбегі ақталу керек қой. Барлық салада осы жағдай. Не капиталистік, не социалистік жүйенің жақсы жақтарын алып қала алмадық. Ескі Қазақстандағы еңбегің бөлек те, жаңа Қазақстандағы еңбегің бір басқа деген әңгіме жөн болмас.
Ғаламтордағы ғаламатқа зер салсақ, «ҚР құрметті азаматы» деген атақты Общественная награда» ЖШС беретіні айтылады. Ол орденді алудың бір кездегі жарна құны 1 миллион 750 мың теңге төңірегінде болса керек. Қазіргі инфляцияны ескерсек, бұл соманың еселене түскені анық. Бірақ бұл саудаға түскен атақтың соңғы алған құрметті азаматтарға қатысы бар жоғы бізге беймәлім.
Анығын сұрамаққа өздеріне хабарласқанымызда, төсбелгі иелері тұтқаны көтере қоймады. Тек әнші Нұржан Қалжан Assyltas TV ютуб арнасына берген сұхбатында аталған атаққа өзін өнердегі ұстазы Майра Ілиясова ұсынғанын айтып қалды. Астананың төрінен төсбелгісін тағып қайтқан ол: «Адамға сенімділік, алға ұмтылуға жігер, қайрат сыйлайды екен деген сезіммен қайттым. Сол жағы ұнады, әйтпесе, жай ғана темір ғой», – деп қайырды.