Қазақстанның бірнеше қаласында бағаның өсуіне қарсы митинг өткізуге рұқсат берілмеді

Қарағанды, Петропавл және Павлодар қалаларында жергілікті әкімдіктер 25 қазанға жоспарланған баға өсуіне қарсы митингілер өткізу туралы азаматтық белсенділердің өтініштерін қанағаттандырмады, деп хабарлайды ҚазТАГ.
Атматы, NEGE. «25 қазанда Абай ескерткіші алдындағы бейбіт жиын өткізуге рұқсат берілмейді, себебі сол уақытта арнайы белгіленген орында өзге іс-шаралар өткізу жоспарланған және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген Қарағанды қаласы әкімінің аппараты жолдаған жауап хатта.
Павлодарда билік бейбіт жиынды келісілген уақытта және арнайы белгіленген орында өткізуге рұқсат бермей, белсендіге жиын орнын өзгертуді, іс-шараны ашық алаңда емес, жабық ғимарат ішінде өткізуді ұсынған.
«Петропавл қаласының әкімдігі сізге 25 қазанда митинг түрінде бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермейді», — деп жазылған Петропавл әкімінің орынбасары Марлен Сандыбеков қол қойған тағы бір жауапта.
Адам құқықтарын қорғаушылардың мәліметінше, бұл үш қаладағы белсенділер жалпы тоғыз рет бейбіт жиын өткізу туралы әкімдіктерге хабарлама жіберген, алайда барлығына бас тартылғаны туралы жауап келген.
Жиын ұйымдастырушылары Үкіметтен ҚҚС мөлшерін 16%-ға көтеру туралы жоспардан бас тартуды және елдегі баға өсімінен бас тартуды талап етуді жоспарлаған.
Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның деректері бойынша, биыл елде бейбіт жиын өткізуге берілген рұқсаттардан 27 рет бас тартылған. Ал 2020 жылғы 30 шілдеден 2025 жылғы 8 қазанға дейінгі аралықта мұндай бас тартулардың жалпы саны 713-ке жеткен.