Қазақстанның бес өңірінде жылыту маусымы басталды
Бүгінгі Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жылыту маусымы басталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Вице-министрдің айтуынша, ауа райы көрсеткіштеріне қарай осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде – Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымы басталады.
Министрлік өкілі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын, энергия көздерінде жылыту маусымын бастауға қажетті отын қоры бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, 17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу жұмысы толық көлемде орындалған. Төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Жылу желілері дайындығы бойынша жоспардағы 377 шақырымның 374 шақырымы аяқталған.
Жылыту маусымына дайындық бойынша Петропавл, Степногорск және Семей қалаларын министрлік ерекше бақылауға алған. Өткен аптада Петропавл қаласында үш жылу магистралін реконструкциялау толық аяқталған. Степногорск қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйекте басталып кеткен, қазіргі уақытта тұрғын үйлерге жылу беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Семей қаласындағы жалпы алғанда жоспар 82 пайызға орындалған.