USD
USD
USD

Қазақстанға тағы 5 мыңнан астам мұғалім керек – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет екенін атап өтті.

маман тапшылығы
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, халық санының тұрақты артуы мен соңғы жылдары мектептердің көптеп салынуына байланысты елімізде педагог мамандарға деген сұраныс артқан.

Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы – мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер.

«Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді.

Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін баса айтты. «Реформа – эксперимент емес, жауапты шешім» деген Президент кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайтынын ерекше атап өтті.

«Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек. Әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек», – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде осы мәселені міндетті түрде ескеруді тапсырды.

Қазір оқып жатыр

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті

Ұлттық банк

Астана тұрғындарынан 413 млн теңгені алаяқтықпен жымқырған жетеудің ісі сотқа жолданды

Қылмыстық іс

Маңғыстауда мұнайшыларды наразылыққа үгіттеу ісін ҰҚК тергеп жатыр

ҰҚК

Белгісіз меценат талдықорғандық жас домбырашының миллион теңгеге жуық несиесін жауып берді

Талдықорғандық домбырашы