Қазақстанға көлік әкелу тәртібі өзгереді: жеке тұлғаларға қандай талап қойылады?
Қазақстанда шетелден автокөлік әкелу және оны рәсімдеу тәртібі біріздендірілмек. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында мемлекеттік органдар жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды түсіндірді.
Астана, NEGE. Кездесуде кедендік рәсімдеу, кәдеге жарату төлемі, көліктің электрондық паспорты, техникалық талаптар мен мемлекеттік тіркеу мәселелері талқыланды.
Негізгі өзгерістердің бірі – жеке тұлғалар үшін көліктің электрондық паспортын рәсімдеу кезінде жылына бір автомобиль әкелуге шектеу қойылуы.
Жеке тұлға мен кәсіпкерге қойылатын талап әртүрлі
Егер азамат көлікті өзі пайдалану үшін әкелсе, жолаушылар кеден декларациясын толтырады. Үш жылға дейінгі көліктер үшін төлем оның құнына байланысты есептеледі. Ал үш жылдан асқан машиналарда қозғалтқыш көлемі мен шығарылған жылы ескеріледі.
Көлік жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға арқылы сату үшін әкелінсе, тауар декларациясы рәсімделеді. Бұл жағдайда кедендік алым, импорттық баж және ҚҚС төленеді. Қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын кейбір жеңіл көліктерге акциз де қарастырылған.
atameken.kz
Бес жылдан асқан көліктерге талап бар
Қазақстанда алғаш рет тіркелетін автомобильдің шығарылғанына бес жылдан аспауы және экологиялық санаты Еуро-5-тен төмен болмауы керек.
Бұл талап бұрын Қазақстанда тіркелген көліктерге қолданылмайды.
Жеке тұлға жылына бір көлік әкеле алады
Жеке тұлғалар үшін көлік құралының электрондық паспорты шығарылғанына бес жылдан аспаған автомобильдерге рәсімделеді.
Сонымен қатар жүйеде бір адамның бір жыл ішінде бір ғана көлік әкелуіне мүмкіндік беретін шектеу қарастырылған. Көлік иесі туралы мәліметтер кеден декларациясындағы деректермен салыстырылады.
Жеке пайдалану үшін көлік әкелген азамат алдымен сынақ зертханасына жүгінеді. Одан кейін көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алады, кәдеге жарату төлемі мен алғашқы тіркеу ақысын төлейді, кедендік рәсімдеуден өтеді және соңында көлікті мемлекеттік тіркеуге қояды.
Утильалымның мөлшері өзгерген жоқ
Кәдеге жарату төлемінің көлемі бұрынғыдай қалады. Алайда оны төлеу тәртібі нақтыланды.
22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификатты көлік еркін айналымға шығарылғанға дейін, яғни кедендік рәсімдеу аяқталмай тұрып алуы керек.
Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Олар сертификатты көлік алғаш тіркелгенге дейін, ал оған дейін сатылса, сату сәтіне дейін рәсімдеуі тиіс.
atameken.kz
Қазақстандағы көліктердің 44 пайызы 20 жылдан асқан
Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, елде шамамен 5,6 млн көлік бар. Соның 44 пайызға жуығы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.
Сарапшылар көлікті шетелден сатып аларда оның бағасымен қатар тарихы мен заңдық тазалығын да тексеруге кеңес береді. Кей жағдайларда көлік сатып алынғаннан кейін оның бұрын іздеуде болғаны немесе күмәнді тарихы бары анықталуы мүмкін.
Қазір мемлекеттік органдар техникалық талаптарды тексеру, утильалым төлеу, кеденнен өткізу, электрондық паспорт алу және мемлекеттік тіркеу рәсімдерін бір жүйеге келтірумен айналысып жатыр.