Астана, NEGE. Үкіметтің 2026 жылғы 18 тамызда жариялаған мәліметіне сәйкес, Қазақстанға негізінен ақшалай нысанда 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылған. Арнаулы мемлекеттік қор арқылы жалпы құны 617,7 млрд теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Бұл жерде екі көрсеткіштің айырмашылығы бар. 1,1 трлн теңге – Қазақстанға қайтарылған активтердің жалпы көлемі. Ал 617,7 млрд теңге – өңірлердегі нақты жобаларды қаржыландыруға мақұлданған қаражат. Жобалардың бір бөлігі аяқталып, халықтың пайдалануына берілсе, қалған нысандарда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қаражаттың басым бөлігі су жүйелеріне бағытталды
Арнаулы мемлекеттік қордан еліміздің барлық өңіріндегі сумен жабдықтау саласының 267 жобасына 226,5 млрд теңге бөлінді.
Ақмола облысында 2025 жылы сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып, 32 жоба жүзеге асырылған. Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Соның нәтижесінде Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша және Шал ақын аудандарындағы 30-дан астам ауыл тұрақты ауыз сумен қамтылды.
Абай облысында 20 мыңға жуық ауыл тұрғынын қамтыған 15 жоба жүзеге асырылған. Алматы қаласының Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағын аудандарында су құбыры мен кәріз желілері салынды.
Су инфрақұрылымына қаржы бөлу жалғасып жатыр. Мәселен, 2026 жылғы тамызда Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жерасты су кен орнынан топтық су құбырын салуға 5 млрд теңге бөлінді. Жоба Ақтөбе қаласының жаңа шағын аудандарын, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендерді тұрақты ауыз сумен қамтуға бағытталған.
Ауруханалар мен медициналық пункттер салынды
Денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 176,8 млрд теңгені құрайтын 191 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Бұл жобалар ауылдардағы медициналық пункттерден бастап, ірі көпбейінді ауруханаларға дейінгі нысандарды қамтиды.
Үкіметтің дерегінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 орындық көпбейінді аурухана, Ақтауда жедел медициналық жәрдем стансасы салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы аяқталды.
Қарағанды облысында жалпы құны 6,9 млрд теңге болатын 51 медициналық нысан салынып немесе жаңғыртылды. Осакаров ауданында төрт медициналық пункт пен бір дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жаңа нысандар 3,5 мыңнан астам ауыл тұрғынын алғашқы медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік берді.
gov.kz
Балқашта көпбейінді аурухана жанынан хирургиялық-ангиографиялық корпус салынып, балаларды оңалту орталығы ашылды. Бұған дейін инфаркт немесе басқа да ауыр қан тамыры ауруларына шалдыққан науқастарды шамамен 400 шақырым жердегі Қарағандыға жеткізу қажет болған. Қазір коронарография, церебралды ангиография және стенттеу сияқты медициналық араласуларды жергілікті жерде жүргізуге мүмкіндік бар.
Мектептер мен спорт кешендері ашылды
Қайтарылған активтер білім беру инфрақұрылымын дамытуға да жұмсалып жатыр. Бұл салада жалпы сомасы 64,4 млрд теңгені құрайтын 17 жоба мақұлданды.
Петропавлда жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша ашылды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Абай, Ұлытау, Жамбыл және Қостанай облыстарында да жаңа білім беру нысандары салынды.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының жалпы ауданы 6,6 мың шаршы метр ғимараты қайта жаңартылды. Мұнда оқу кабинеттері, жасанды интеллект зертханасы мен салалық орталықтар орналастырылады.
Спорт инфрақұрылымындағы алты жобаны іске асыруға 67,5 млрд теңге қарастырылған. Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион қайта жаңғыртылды. «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Әуежайлар қайта жаңартылды
Көлік инфрақұрылымындағы сегіз жобаға Арнаулы мемлекеттік қордан 43 млрд теңге бөлінді.
Балқаш әуежайын қайта жаңартуға 946 млн теңге бағытталды. Терминал кеңейтіліп, тексеру кешендері, жүк таспасы, ана мен бала бөлмелері орнатылды. Мобильділігі төмен жолаушыларға кедергісіз орта жасалды. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 60 жолаушыдан 80 жолаушыға дейін өсті.
Балқаш әуежайы
Арқалық әуежайында екі қабатты аэровокзал салынып, ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы жөнделді. Қажетті техника сатып алынып, авиациялық қауіпсіздік сертификаты алынды. Тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін Арқалықтан Қостанай, Астана және Алматы бағыттарына тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр.
Активтер қалай қайтарылады?
Қазақстанда «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданды. Құжат заңсыз иемденілген немесе елден шығарылған активтерді анықтау, олардың шығу тегін тексеру, мемлекетке қайтару және кейін басқару тәртібін белгілейді.
Активтер ерікті келісімдер немесе сот шешімдері арқылы қайтарылуы мүмкін. Бас прокуратураның 2025 жылдың қорытындысы бойынша жариялаған ақпаратына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер қатарында ақша, коммерциялық және тұрғын үй нысандары, жер телімдері, кәсіпорындардағы үлестер, автокөліктер және бағалы бұйымдар бар.
Қайтарылған ақша мен мүлікті өткізуден түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Ал мүлікті сақтау, басқару және өткізу жұмыстарымен арнайы басқарушы компания айналысады. Қаражат әлеуметтік және экономикалық маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсалады.
Қайтарылған қаражат өңірлерге қалай әсер етті?
Қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі тұрғындардың күнделікті қажеттілігіне тікелей байланысты. Ауылдарға ауыз су жеткізіліп, медициналық пункттер мен ауруханалар салынып, мектептер, балабақшалар, спорт кешендері және әуежайлар жаңартылып жатыр.
Бұл жобалардың нәтижесінде шалғай елді мекендердегі тұрғындардың базалық инфрақұрылымға қолжетімділігі арта түсті. Ауыл тұрғындары медициналық көмек алу үшін алысқа бармайтын болды, балалар жаңа білім беру және спорт нысандарына қол жеткізді, ал өңірлер арасындағы көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік туды.
Осылайша, қайтарылған активтерді әлеуметтік жобаларға бағыттау өңірлерде жылдар бойы қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр.