Қазақстан-Эфиопия депутаттары әріптестікке ерекше мән берді

Бүгін Қазақстан және Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасы парламентаралық ынтымақтастық топтарының мүшелері алғаш рет кездесті. Онлайн жиынға Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов, ҚР Эфиопиядағы төтенше және өкілетті Елшісі Барлыбай Садықов, Эфиопия Халық Өкілдері Палатасының халықаралық қатынастар және бейбітшілік мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Дима Ногго және Кіші комитетінің төрағасы Абдуллахи Ахмед қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолындағы мәселелерді талқылады.
Алматы, NEGE. «Бүгінгі кездесу және Қазақстан мен Эфиопия ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылу мүмкіндігі үшін алғысымды білдіремін. Қазақстан Эфиопиямен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эфиопия Президенті Сахле-Ворк Зевде ханым БҰҰ жүйесінде қызметтес болған кезден бергі жеке таныстығы екі ел арасындағы тығыз қатынастың жарқын көрсеткіші деп білеміз. Біз Абдуллахи Ахмедтің Үкіметі жүргізіп жатқан түбегейлі саяси-экономикалық реформаларды жоғары бағалаймыз», – деді А.Құспан.
А.Құспан Эфиопия Парламенті мен Үкіметін 2 қарашадағы Бейбітшілік келісіміне қол қоюымен құттықтады. Қазақстан тарапы Эфиопияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған саясатын әрдайым қолдайтынын атап өтті.
«Қазақстан мен Эфиопия арасында көптеген ортақ құндылық бар. Ол әрі қарай да дұрыс бағытта қарқынды дамуы тиіс. Біздегі реформалар – Үкіметтің жүйелі жұмысының нәтижесі. Соның арқасында Бейбітшілік келісіміне қол қойдық. Бұған Африка Одағының да үлесі зор болды. Біздің мемлекеттік Әкімшілігіміз қайта қалыптастырылды. Соңғы екі жылдағы қақтығыс салдарынан бұзылған құрылымдар қайта қалпына келіп жатыр. Еліміздің дамуына, маңызды бастамалары мен бағыттарына көңіл аударғандарыңызға рақмет айтамын», – деді Дима Ногго.
Эфиопия өкілдері қазақстандықтарды президент сайлауын табысты өткізуімен құттықтады.
Былтыр екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына он жыл толды. Қазақстан Африкадағы өкілдігін біртіндеп кеңейту үшін Эфиопияда, Мысырда, Оңтүстік Африкада және биыл Мароккода елшіліктерін ашты.
«Қазір еліміз супер президенттік жүйеден нормативті президенттік билік жүйесіне ауысу кезеңінде. «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» формуласын ұстанамыз. Конституциямызға Қазақстанның жер байлығы халыққа тиесілі деген нормалар кірді, адам құқықтары арттырылуда. Мәжіліске 30 пайыздық үлеспен тәуелсіз адамдардың келуіне жағдай жасалып, халық ел ішіндегі саяси процестерге еркін қатысуға мүмкіндік алып жатыр. Екі ел арасындағы әріптестікті, туристік, сауда-экономикалық, мәдени байланысты нығайту маңызды», – деді Ғ.Құлахметов.
Мәжілісте А.Құспан басқаратын Эфиопиямен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық достық тобы бар. Бүгінде Эфиопия – Африка контиентінің белсенді саяси көшбасшыларының бірі. Бұл ретте А.Құспан Эфиопияны Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі ретінде қарайтынын, әлемдік істердегі рөлі мен орасан зор экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Африкамен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін айтты. Сондай-ақ депутат Қазақстанның халықаралық бастамаларын және БҰҰ жарғылық органдарында қазақстандық кандитаттарды қолдағандары үшін эфиопиялықтарға алғыс білдірді.