24 Қазан 15:22
...

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасы қалай жүзеге асып отыр?

Фото:

Ел перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы бірқатар Ұлттық жобалар тізбесін таныстырған еді. Соның бірі – «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­талған орнықты экономикалық өсу» жобасы.

Ұлттық экономи­ка министрлігі қолға алған бұл бастаманы жандандыруға Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму,  Сауда және интеграция, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері, облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тартылған. Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 15,9 трлн теңгеге тең. Оның 402 млрд теңгесі республикалық бюджетте қарастырылса, 15,5 трлн теңгені жеке инвестициялар есебінен тарту көзделген. 

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл ұлттық жоба қарапайым халыққа не береді? Осы және өзге де сауалдарға белгілі экономист, Халықаралық Бизнес университетінің аға оқытушысы Мақсат Халық жауап берді.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасы туралы жеке пікіріңіз қандай?

– Негізі қаңтар оқиғасына дейін мемлекет басшысы оншақты ұлттық жобамен таныстырғаны белгілі. Бірақ өткенде Ұлттық экономика министрі сол жобалардың біразын қысқарту қажеттігін айтып қалды. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Пайдасыз жобалардың денін қысқарту керек те, ал ұтымдысын халықтың әлеуметтік жағдайына байланыстыру керек.

Ал «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу жобасы» халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға негізделген. Білуімше, 5 бағыттан тұрады. Атап айтар болсақ, Индустриялық-инновациялық даму, Мұнай-газ химия кешенін дамыту, геология мен энергетика саласын дамыту және шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Бұған қоса негізгі 6 міндет пен 13 көрсеткіш айқындалған.

Осы аталғандарды ескеретін болсақ, бұл бізге нағыз қажет бағдарлама. Тіпті, атауының өзі де орынды. Енді осыған сәйкес онда аталғандарды жүзеге асыру керек.  Дегенмен, халықтың жағдайы сипатталмаған. Мәселен, қазіргі таңда елімізде қанша пайыз кедейшілік бар, қанша азамат жұмыссыз жүр, ал олардың шінідегі қаншасы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр? Осының бәрі ашық көрсетілу керек. Сол сияқты қаншама балалар жағдайы төмен отбасында өмір сүріп жатыр. Олардың әлеуметтік жағдайы толық қамтамасыз етіліп, оқып-білім алу мен  мәдени дамуына және денсаулықтарына қажетті жағдай жасалынған ба? Осының барлығы жобада нұсқалуы қажет еді. Сондықтан министрлік айтып өткендей, бұл жобаны қайта бір қарастыру қажет секілді.

– Жобаның ұтымды тұсына тоқталасыз ба?

Әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған тұстары көңілге қонымды. 2025 жылдан бастап халықтың ең төменгі жалақысын есептеу методикасына өтетіні айтылады. Осы жағын уақыт оздырмай, қазірден қолға алған жөн бе деймін. Біз жалақыны есептеудің әлемдік стандартына көшуіміз керек.

 – Ал орынықты түрде жүзеге асырылып келе жатыр ма?

  Мықтап қолға алуға тиіс бағыттары көп. Енді оны уақыт көрсетеді.

– Мәселен, халықтың жағдайын жақсартуға септігі тиіп отыр деуге келе ме?

Халықтың табысын инфляция жеп қойып жатыр. Бұл экономикалық жағдайды шешеді деу қиын. Мәселен, жуырда Амеркаға барып келдім. Ол жақта ең төменгі жалақынының жайын айтар болсам, сағатына 15-17 доллардан төленеді екен. Бұл қарапайым жұмысшы айына 2400 доллар табыс табады деген сөз. Біздің елдегі ең төменгі жалақымен  салыстырғанда бірнеше есе көп. Жалақыны есептеудің әлемдік стандартына көшуіміз керек деп отырғаным да осы.

– Жалпы экономикалық жағынан алғанда қай саланы дамытуға басымдылық беру қажет?

– Ел президенті соңғы жолдауында өндірістік салаларды дамыту мен өндіріс мүмкіндіктеріне зер салу керектігін баса айтты. Мен мұнымен толықтай  келсемін және өзім де бұған дейін осы мәселелерді қаузап жүрген болатынмын. Сондай-ақ туризм мен ауылшаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, Жасыл экономика, IT саласына басымдылық берілу керек деп пайымдаймын. Бұған біздің толық мүмкіндігіміз бар. Тек осы жолда жұмыс жасалу керек.

Тегтер: