Қазақстандықтардың жеке деректері тарағаны рас па? Мәдиев жауап берді
Қазақстан азаматтарының жеке деректері даркнетте жарияланды деген ақпаратқа байланысты тексеру басталды.
Астана, NEGE. Журналистер Үкімет отырысынан кейінгі брифингте премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен қазақстандықтардың жеке деректері тарады деген ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады.
Мәдиевтің айтуынша, даркнетте азаматтардың жеке деректеріне иелік ететінін мәлімдейтін адамдар жиі кездеседі.
«Даркнетте мезгіл-мезгіл түрлі адамдар қазақстандықтардың жеке деректері өздерінде бар екенін мәлімдейді. Бірақ тексеру кезінде олардың арасында қажетсіз ақпарат, әртүрлі фотосуреттер, тіпті Қазақстан азаматтарына тиесілі емес файлдар да кездесіп жатады», – деді министр.
Министрдің сөзінше, осы жолғы ақпаратқа қатысты тексеруді Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізіп жатыр.
«Талаптар бұзылған жағдайда лауазымды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынады. Мұндай тәжірибе бар. Бұған дейін бірінші басшы да, ұйымның өзі де тиісті жауапкершілікке тартылған жағдайлар болды», – деді Жаслан Мәдиев.
DamuMed платформасында да тексеру жүргізілген
Журналистер министрден бұған дейін тергеліп, шешімі шыққан деректердің таралу жағдайларын атауды сұрады.
Мәдиевтің айтуынша, азаматтардың шағымынан кейін медициналық ұйымдардың бірінде миллиондаған қазақстандықтың дерегі тарады деген ақпарат тексерілген. Алайда мұндай көлемдегі деректердің таралғаны расталған жоқ.
Соған қарамастан, ақпараттық қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталып, ұйымға айыппұл салынған.