Референдум Референдум
10 Наурыз 14:36
...

Қазақстандықтардың қарызы жаһандық дағдарысқа дейінгі деңгейден асып кеткен

Қарыз
Фото: freepik.com

Ақпанда Дүниежүзілік банк Қазақстан бойынша ай сайынғы экономикалық шолуын жариялады.

Референдум

Астана, NEGE. Банк деректеріне сәйкес, 2025 жылдың төртінші тоқсанында үй шаруашылықтарының қарызы жалақыға шаққанда 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарысқа дейінгі деңгейден асып, 51%-ға жетті, деп жазады Halyk Finance.

«2025 жылдың төртінші тоқсанында үй шаруашылықтарының жалақыға шаққандағы қарызы рекордтық 51%-ға жетті. Бұл көрсеткіш 2008–2009 жылдардағы банк дағдарысының алдындағы ең жоғары деңгей – 50%-дан да асып түсті. 2020–2025 жылдар аралығында үй шаруашылықтарының нақты қарыз көлемі шамамен екі есеге артты, ал нақты табыс небәрі 15%-ға ғана өсті», – делінген хабарламада.

Экономистер қазақстандықтардың табысы төмендегенін де атап өтті: 2025 жылдың желтоқсанында табыс жылдық мәнде 6%-ға төмендеді.

Табыстың азаюы халықты қазіргі тұтыну деңгейін сақтап, күнделікті шығындарын жабу үшін қарызды белсенді пайдалануға итермелеп отыр.

«Жоғары инфляция өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетуде. Бұл әсіресе табысы төмен отбасылар мен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға, соның ішінде ауылдық жерлердегі тұрғындарға ауыр тиіп, өмір сүру құнының өсуіне байланысты қысымды күшейтеді», – деп атап өтті Дүниежүзілік банк.

Салдарынан елде күрделі макроэкономикалық жағдай қалыптасып отыр: бір жағынан ЖІӨ өсімі жеделдесе, екінші жағынан инфляция жоғары және халық табысы төмендеуде. Осындай жағдайда халықты несиелендіру үдерісі үй шаруашылықтарының тұтыну деңгейін ұстап тұрудың мәжбүрлі тетігіне айналып отыр. Ал бұл өз кезегінде ел экономикасы үшін жаңа тәуекелдер туындатуы мүмкін.

Халықтың қарыз жүктемесі өсіп, несиеге сұраныстың жоғары болуына қарамастан, тұтынушылық несиелендіру қарқыны баяулай бастаған. Мұны сарапшылар үкіметтің халықтың қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеуге бағытталған шараларымен байланыстырады.

Ұйым деректеріне сәйкес, 2025 жылы бөлшек сауда несиелері банктердің несие портфелінің 57,2%-ына тең болса, тұтынушылық несиелердің үлесі 38,5% болған.

Сонымен қатар тұтынушылық несиелердің үлесі ЖІӨ-ге шаққанда шамамен 16% деңгейінде қалып отыр. Бұл дамушы экономикалар үшін қалыпты саналатын 10–40% аралығындағы көрсеткішке сәйкес келеді.

Соған қарамастан, банктердің қаржылық көрсеткіштері активтердің сапасы, жеткілікті табыстылық және бизнес-модельдердің жаңа жағдайларға бейімделуі арқасында тұрақты күйде қалып отыр.

Дегенмен Дүниежүзілік банк қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін тұтынушылық несиенің өсімін реттеу қажет деп есептейді.

Референдум