Қазақстандықтардың деректері шетелге кете ме? Депутат тексеруді талап етті
«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ләззат Жылқыбаева Бас прокурор Берік Асылов пен премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдап, қазақстандықтардың дербес деректерінің сақталуына қатысты тексеру жүргізуді ұсынды.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, Конституция әр азаматтың жеке өмірі мен дербес деректерінің қорғалуына кепілдік береді. Алайда «Яндекстегі» ақаумен байланысты соңғы оқиғалар бұл талаптардың іс жүзінде қалай орындалып жатқанын қайта қарау қажет ететінін көрсеткен.
«Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», – деді Ләззат Жылқыбаева.
Депутат сондай-ақ соңғы уақытта азаматтардың жеке деректерінің ашық жарияланған бірнеше жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің дербес деректерін жариялаған. Ал Семейде қызметкерлермен бірге 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметтері де ашық қолжетімді болған.
Жылқыбаеваның сөзінше, бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйелерді бұзудың қажеті болмаған.
«Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған», – делінген депутаттық сауалда.
Осыған байланысты депутат 11 қазандағы жағдай бойынша дербес деректердің трансшекаралық берілуінің заңдылығын тексеруді, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін ұйымдардың жеке деректерді жинауының заңдылығына бақылау жүргізуді, деректерді жариялау кезінде оларды бүркемелеу талаптарының сақталуын тексеруді ұсынды. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мамандарының біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеуді және дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді сұрады.