24 Желтоқсан 18:48
...

Қазақстандықтардың 80%-ға жуығы президенттің жұмысына оң баға берді

Шенеунік
Фото: pixabay.com

Еуразиялық интеграция институты (ЕИИ) 2025 жылдың қорытындысын жасап, қоғамдық көңіл күй мен бұқаралық саясатты бағалау мәселелері бойынша онлайн-брифинг өткізді.

Алматы, NEGE. Зерттеу 2025 жылғы 1–10 қараша аралығында өтті. Зерттеу барысында қоғамның елдегі қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылық деңгейі, медиа тұтыну арналары, ақпарат көздеріне деген сенім, әлеуметтік-экономикалық жағдайды қабылдау, Мемлекет басшысының қызметіне берілетін баға мен рейтинг, сондай-ақ саяси партиялардың танымалдылығы жан-жақты талданды.

Сауалнама 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада, қалалық және ауылдық елді мекендерді қамти отырып жүргізілді. Зерттеуге 18 жастан асқан 1 467 респондент қатысты. Деректер респонденттердің тұрғылықты жерінде бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісімен, қатаң құрылымдалған сауалнама негізінде жиналды.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Мемлекет басшысының қызметіне жоғары баға берілген. Осылайша, респонденттердің 78,5%-ы Президенттің соңғы үш айдағы жұмысын тиімді деп атады. 71,5%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақын арада елдегі жағдайды жақсартуға мүмкіндігінің бар екенін атап өтті.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, егер президенттік сайлау келесі жексенбіде өтсе, қатысушылардың 77,3 пайызы қазіргі Президентке дауыс беруге дайын екенін айтқан. Бұл оның халық арасындағы қолдауының әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Сауалнамаға қатысқандардың 52 пайызы елдегі саяси және экономикалық ахуал туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыратынын айтқан.

Маңызды жаңалықтарды білу үшін халық көбіне теледидарды (52,7%) және Instagram әлеуметтік желісін (51,2%) пайдаланады. Сондай-ақ, TikTok-ты 39,7%, WhatsApp-ты 33,5% қолданады. Ал интернет-сайттар мен ақпараттық агенттіктерден жаңалықты 29,7%, YouTube платформасынан 26,7% адам қарайды.

Елімізде не болып жатқаны туралы респонденттердің 19,4%-ы отбасы мүшелері мен туыстарынан, 18,7%-ы достарынан, әріптестерінен және көршілерінен біледі.

Сауалнамаға қатысқандардың 14,9%-ы интернет-ресурстардағы ақпараттарға сенеді

Ақпарат алудың негізгі көздеріне деген сенім деңгейі бөлек бағаланды. Мәселен, мемлекеттік республикалық телеарналар сенімнің ең жоғары деңгейіне ие (41,8%). Содан кейін Instagram (28,9%), республикалық қамтуы бар жеке телеарналар (27,5%) және мемлекеттік органдардың ресми сайттары (24,8%) айтылады.

Цифрлық платформалардың ішінде респонденттер YouTube (20,9%) және TikTok-ты (18%) жиі атаған. Сауалнамаға қатысқандардың 14,9%-і интернет-ресурстарға сенеді. Респонденттер бірнеше жауап нұсқаларын таңдау мүмкіндігіне ие болғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-ке тең емес екенін атап кеткен жөн.

Сонымен бірге, ақпаратты қайдан жиі алатыны мен қай дереккөзге көбірек сенетіні арасында айырмашылық бар. Әлеуметтік желілер күнделікті қолданысқа ыңғайлы болғандықтан алдыңғы орында тұрса, ал теледидар, әсіресе мемлекеттік арналар, ресми әрі тексерілген ақпарат көзі ретінде қоғамның ең жоғары сеніміне ие болып отыр.

Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды тыныш, тұрақты және қолайлы деп сипаттайды (87,3%). Респонденттердің 9,7%-ы жағдай шиеленіскен деп ойлайды. «Жағдай күрделі» жауабын сауалнамаға қатысқандардың 1%-тен азы таңдады.

Өңірлердегі экономикалық жағдайға көбіне оң баға берілген

Сауалнамаға қатысқандардың 75,4%-і өз аймағының экономикасын жақсы деп бағаласа, 20,4%-і жағдайды қиын деп санайды. Ал 1,4%-і оны «күрделі» деп, 2,8%-і жауап беруге қиналған. Қиын деп бағалаудың бір себебі – азық-түлік бағасының өсуі мен инфляция. Бұл қоғамдық көңіл-күйдің адамдардың материалдық жағдайына тікелей байланысты екенін көрсетеді.

Саяси партияларды тану бойынша сауалнама нәтижесінде Amanat партиясы алда келеді – респонденттердің 62,4%-і бұл партияны білетінін айтты. Одан кейін «Ақ жол» (29,7%) және «Ауыл» (29,3%) партиялары тұр. ҰКП 17%, Respublica 15,1%, «Байтақ» 11,7%, ал ЖСДП 10,3% танымалдығы бар. Партиялар туралы ақпараттан хабардар болу тек жүйелі насихатпен ғана емес, сол кезеңдегі саяси жағдайға байланысты белсенділікпен де байланысты болуы мүмкін.