«Жарық та жоқ, жылу да жоқ». Қазақстандық белсенділер Украинаға генераторлар жібермек

қ апат алдында тұр. Ресей Украинаның тек әскери ғана емес, өмірлік маңызы бар бейбіт стратегиялық нысандарын да зымырандармен жойып жатыр. Осының кесірінен Украина жарықсыз қалды.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, елдің энергетикалық нысандарының 40 пайызы күл-талқан болған. Сондықтан ел билігі Киев қаласын айтпағанда, Киев, Чернигов, Черкас және Житомир, Сум, Харьков и Полтава облыстарында таңғы 6:00-дан бастап электр қуатын сөндіру кестесін енгізуге мәжбүр болды.
Киев қаласының мэрі Виталий Кличконың айтуынша, күздің қара суығы қысып берсе, халық қырылып қалмасы үшін Киевте мыңға жуық жылыту бекеттері әзірленбек. Бұл мақсатқа мектептер мен балабақшалардың ғимараты таңдалған. Оған электр генераторларын, су қорын және басқа да қажетті заттарды әкеліп қойған.
Фото: telegraf.news
Запорожье АЭС-тің басынан бұлт арылмай тұр. Маңында жарылған минаның кесірінен бір энергоблогы істен шыққан. Мұны МАГАТЭ ұйымы да растап отыр.
«Жер бетінде жарылатын мина АЭС-тің энергоблокторының біріндегі негізгі желіні үзіп кетті. Бұл – әскери жандал кезінде нысандағы ядролық қауіпсіздіктің тұрақсыз жағдайын көрсетеді», – дейді МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гросси.
Еуроодақ ресей шабуылынан дефицит пайда болса, Киевке электр қуатын жеткізуге әзір. Бұл туралы Энергетика жөніндегі еврокомиссар Кадри Симсон мәлімдеген.
Бұл жайт қазақстандықтарды да алаңдатып отыр. Қоғам белсенділері бастама көтеріп, қиын жағдайда қалған қарапайым украиналықтар үшін электр генераторларын жіберуге жылу жинай бастады.
«Қазіргі Украинадағы жағдайды көріп отырсыздар. Ресей агрессиясынан кейін халқы жарықсыз қалды. Жарық та, жылу да жоқ. Үйдің барлық шаруасы электр қуатына тәуелді. Онсыз ештеңе істей алмаймыз. Қиындыққа тап келген қарапайым халықты қолдау керек. Қолымыздан келгенше көмегімізді беріп, аз болсын, көп болсын, генераторлар сатып алып, Украинаға жібермекпіз», – дейді қоғам белсендісі Болат Жұматаев.
Б.Жұматаев.
Мұның алдында да қазақстандықтар Украинаға көмек қолын созудан аянып қалмаған-ды. Жомарт жандар қолындағы барын берген. Сол кезде тұрмысқа қажетті заттардың ішінде, электр генераторлары да болыпты. Украина тарапы бұған қатты қуанған еді. Белсенділерге «соңғы жағдайларға байланысты тағы да генераторлар жіберсеңіздер» деген өтініш келіп түсіпті.
«Генераторлардың да неше түрі бар. Бағасы арзан, сапасы жақсыларын іздеп жатырмыз. Жеткізуді де өз мойнымызға алып отырмыз. Соңғы кездері логистика жағы қиындап кетті. Ресей аумағына кірмей, Әзербайжан және Түркия арқылы өтеді», – дейді белсенді.
Бұл бастаманы қолдаушылардың қарасы аз емес. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жылу түсіп жатыр. Олардың ішінде жеке адамдар да, фирмалар да бар. Генераторды сатып алып, өздері әкеп беріп жатқан азаматтар да кездеседі.
«Жылу жинауды енді ғана бастадық. Екі-үш күннің ішінде электр генераторларды жіберіп үлгерсек жақсы болар еді», – дейді Болат Жұматаев.