8 Қаңтар 17:41
...

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын қатерлі ісік еміне шешіп алуда

gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын жаппай радиохирургиялық ем ақысын төлеу үшін шешіп ала бастаған. Сарапшылар мұны «қаржыны мақсатсыз жұмсау» деп бағалап отыр.

Астана, NEGE. Өткен жылдың желтоқсан айында радиохирургиялық ем ақысын төлеу мақсатында 7 154 біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд теңге болған.

Бұл қызмет әдетте қатерлі ісік пен метастаздарға қарсы күресте қолданылады. Ерекше назар аударарлығы – бұған дейін айына бар-жоғы бірнеше ғана өтініш орындалып келген. 

«Бір айдағы бұл көрсеткіштер зейнетақы жинақтарын алу бағдарламасы іске қосылғалы бергі барлық кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды», – деп жазады Telegram-дағы Data Hub сарапшылары. 

Олардың мәлімдеуінше, 1 желтоқсанға дейін осы санат бойынша бар болғаны 507 өтініш орындалған, ал оның сомасы 548 млн теңге ғана болған. Мұндай белсенділік қараша айында-ақ байқала бастаған, бірақ ол кезде мұншалық күрт өсім болмағае: қарашада 236 өтініш орындалып, 204 млн теңге төленген. Ал 2025 жылдың бұған дейінгі айларында бұл көрсеткіштердің айлық орташа мәні 10-ға да жетпеген.

Айта кетейік, «Отбасы банк» өткен жылғы 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалануды уақытша тоқтатқан еді. Ал желтоқсанда біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен көз емдетуге тыйым салынды. 

Стоматология мен офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын пайдалануға өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін қазақстандықтар зейнетақы қаражатын жаппай пластикалық ота жасатуға сұрата бастаған. Көп ұзамай Отбасы банк бұл мақсатта да өтінім қабылдауды тоқтатты.