Қазақстандықтар мен бизнес бір айда банктерге шамамен 1,8 трлн теңге әкелді
Маусым айында қазақстандық банктердегі депозиттік база бірден 1,77 трлн теңгеге өсіп, 50,7 трлн теңгеге жетті.
Астана, NEGE. Ұлттық банк есебінше, депозиттердің жалпы өсімінің 72%-дан астамы небәрі үш банкке – Halyk Bank, Банк ЦентрКредит және Kaspi Bank-ке тиесілі болды.
Халық пен бизнестің депозиттерін бірге есептегенде, маусым айында ең көп қаражат Halyk Bank-ке түскен. Банктің депозиттік базасы 598,8 млрд теңгеге ұлғайған. Одан кейін Банк ЦентрКредит – 408,9 млрд теңге және Kaspi Bank – 274,3 млрд теңге көлемінде қаражат тартқан.
Маусым айында жеке тұлғалардың депозиттері 824,6 млрд теңгеге немесе 2,8%-ға өсіп, 30,14 трлн теңгеге жеткен.
Ең көп қаражатты Kaspi Bank тартқан. Банктегі жеке тұлғалардың депозиті 297,9 млрд теңгеге немесе 4,1%-ға өсіп, 7,62 трлн теңге болған. Ал Halyk Bank 223 млрд теңге тартып, халық депозитінің жалпы көлемі бойынша көшбасшылық орнын сақтап қалды. Банктегі жеке тұлғалардың салымы 8,09 трлн теңгеге жеткен.
Маусым айында компаниялар халыққа қарағанда белсендірек болғанын аңғарамыз. Заңды тұлғалардың депозиттері 945,7 млрд теңгеге немесе 4,8%-ға өсіп, 20,58 трлн теңгеден асты.
Корпоративтік қаражаттың негізгі бөлігі Halyk Bank пен Банк ЦентрКредитке түскен. Бұл екі банк бірлесіп 690,3 млрд теңге тартты, бұл ірі банктер арасындағы бизнес депозиттері өсімінің шамамен төрттен үшіне тең.
Айтарлықтай өсім шағын банктерде де тіркелді. KZI Bank-те заңды тұлғалардың депозиттері 111,9 млрд теңгеге өсіп, екі еседен асып, 213,6 млрд теңгеге жетті. Ал Ситибанк Казахстан 107,7 млрд теңге тартып, корпоративтік депозиттер көлемін 953,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан.