29 Тамыз 11:56
...

Қазақстандықтар енді ХҚКО қызметкерін үйге шақыра алады

ХҚКО
Фото: gov.kz

Жаңа мемлекеттік қызмет түрі пайда болды. Яғни, азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Қызметкерді шақырсаңыз ол сіз белгіленген уақытта көрсетілген мекенжайға келеді.

Алматы, NEGE. «ХҚКО-дан тыс жерде менеджерлер төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеу жөніндегі қызметтерді қоспағанда мемлекеттік қызмет түрінің кез келгенін көрсете алатынын ескеру қажет», - делінген хабарламада. 

Пилоттық жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде іске қосылды. Сервисті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында «жеке менеджерді үйге шақыру» батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру қажет. Сондай-ақ өтінімдерді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да беруге болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары мәліметтерді нақтылау мақсатында және менеджердің келу уақытын белгілеу үшін қызмет алушымен байланысады. 

«Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде сервистерді жетілдіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған дейін біз жеке менеджерлер арқылы ХҚКО-да басым кезек арқылы қызмет алу мүмкіндігін іске асырған болатынбыз. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарын үйге шақыртып, қызметті үйден шықпай алуға болады. Бұл уақыт үнемдегісі келетін азаматтар үшін өте ыңғайлы», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.