Қазақстандықтар бес елде QR-код арқылы төлем жасай алады
Қазақстандықтар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжанда өз банктерінің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады. Елдер ұлттық QR-төлем жүйелерін біріктірмек.
Астана, NEGE. 29 қазанда Тәжікстанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан ұлттық банктері өкілдерінің төртінші өңірлік кездесуінде ұлттық төлем платформалары мен жедел төлем жүйелерін дамыту, сондай-ақ QR-код стандарттарын енгізу мәселелерін қарастырды.
Ұлттық банктің хабарлауынша, кездесу қатысушылары ұлттық QR-төлем жүйелерін біріктіру туралы Қазақстанның ұсынысын қолдаған.
«Тараптар QR-төлемдердің ұлттық жүйелерін интеграциялау жөніндегі қазақстандық тараптың ұсынысын қолдап, ағымдағы жылдың соңына дейін QR-төлемдердің ұлттық жүйелерінің өзара жұмыс істеу тетігін нақтылауға келісті», – деді Ұлттық банк.
Бұл бастама жүзеге асса, бес елдің тұрғындары шетелде өз банктерінің үйреншікті мобильді қосымшасы арқылы кез келген төлем жасай алады. Сондай-ақ бір-біріне ақшаны жедел аудара алады.