25 Ақпан 13:00

Қазақстандық әнші Түркияда өтетін шоуда бақ сынайды

Фото:

Әнші, сазгер әрі биші Ақтөре Асқарұлы тыңдарманға екінші су жаңа бейнебаянын тарту етті. Жуырда тұсауы кесілген әнбаян түрік тілінде жазылып,  Стамбулда таспаланған. Ерекше стилді жанына серік еткен сері жанкүйерін таңқалдырудан жалығар емес.

Жаңашылдыққа жаны құмар Ақтөренің өнер әлемінде жүргеніне биыл 10 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында әнші өзін шыңдап, бірнеше аспапты меңгерді. Айта кетейік, сері заңгер мамандығын тәмамдаған. Бүгінде өз кәсібімен де, сүйікті ісімен де жұмыс жасап жүрген жайы бар.

AQTARE, әнші:  Өнерге 4 жасымнан бастап қадам бастым. Балет және вокалды бірге бастағанмын, анам апарған. Балет ұнаған жоқ. Кейін ұлттық биге ауыстым. Қосымша вокалмен айналыстым. Байқауларға қатысып, 9 сыныптан соң заманауи биге қызықтым. Болашағымды сол өнерден көрдім. Кішкентай кезімнен көзге түскенді ұнататынмын.

Бала арманы адастырмаған Ақтөре шабытын шыңдау үшін біраз тер төккен. Ән жазу, әнбаян түсіру оңай емес. Мұны бір адамдай білетін ол, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қаражат жинаған. Демеушінің көмегінсіз шоу-бизнеске аяқ басқан әнші біраз еңбектенгенін айтады. Қаражаттан қысылған сәтте қалтасын қалыңдатуды көздеген жігіттің бүгінде ойы өзгерген.

AQTARE, әнші:  ән жазып, бейнебаян түсіру үшін біраз қаражат керек деп ойлағанмын. Қатып қалған баға жоқ екеніне көзім жетті. Кез келген сәтті бастама өзіңе байланысты. Бастысы, ниет керек екенін түсіндім. Жақсы амал ниетте дейді.  Әннің де,  сөзін де өзім жазамын. Әншілерге де жазып жүрмін. Лирика, рэп, той әндері болсын таңдамаймын. Жамба деген өнерпаздың альбомына көмектескен болатынмын. Баян және Бағым Мақсатқызына ұнады.

Мақсаты айқын Ақтөре 2019 жылдың тамыз айында алғашқы бейнебаянын жарыққа шығарды. Бұл қадамы әншіні одан әрі жігерлендіре түссе керек. Әрі қарай бірнеше жанрдағы әндер жазып, кезекті әнбаянның дайындығына кіріскен.

AQTARE, әнші:  жуырда жасым 28 келеді. Менен кіші жас әншілер клип түсіріп жатыр. Соларды көріп уақытты зая кетірмей, шығармашылықты қолға алу керек екенінін түсіндім. Сол ойланып жүрген кезімде танысым ұсыныс айтты. Бірден клип түсірдік.

Дебюттен кейін екінші клипінің тұсауын санаулы күн бұрын кескен әнші бұл бейнебаянын бұрынғы бейнебаяннан өзгерек дейді.

AQTARE, әнші:  Стамбул қаласынан ұсыныс түсті.  Түрік тілінде де ән айтамын. Сол себепті жаңа туындыны түрік тілінде жаздым. Түркиядағы әріптестеріме ұнады. Стамбулдан кейін клиптерімнің барлығын шетелде түсіремін деп шештім. Көбісі ойлайды шетелде түсіру қымбат деп. Олай емес.  Желтоқсан айының ортасында түсірдік. Оператор да әдемі ракурстарды алды. Халыққа ерекше, әдемі локацияны көрсеткім келді.

«Біткен іске сыншы көп» деген. Түрік тілінде жарыққа шыққан клипке сын таққан көрермендер де табылған.

AQTARE, әнші:  көбісі неге қазақ тілінде жазбаған деп жазып жатты. Негізі қазақшасын да жаздық. Ән Тарканның стилінде. Қазақшаға аударған кезде келмей қалды. Мәтін 3 рет өзгертілді. Бірақ шықпады. Сол үшін түрік тілінде қалдырдық.  

Ән ұрлауды ар санайтын заңгер жігіт, репертуарында плагиат туындылар болмайды деп сендірді. Шет елге жиі шығып, біраз тәжірибе жинап үлгерген ол алдағы уақытта да продюсермен жұмыс жасамайтынын айтып қалды.

AQTARE, әнші:  өзім бірбеткеймін. Сол үшін продюсерлермен жұмыс жасай алмаймын. Отандық  әншілерде бірсарындылық көп. Әртіс ерекше болу керек. Мен Қазақстан әншілерін жаңа қырынан танытқым келеді. Димаштан бөлек, біздің елде дарынды әншілердің барын білгенін қалаймын.

Өнерпаз бұған дейін жеке орындауда алты ән жазып үлгерген. Алдағы уақытта  қоржынын  дуэттермен  толықтырмақ ниетте. Айта кетейік, Ақтөре жуырда Түркияға аттанбақ. 

AQTARE, әнші:  мені не үшін Турцияға шақырды? Себебі ол жақта билеп тұрып ән айтатын әншілер аз екен. Сол бейнебаянымды көріп, мені шақырды. TV шоуға қатысып, бағымды сынап көремін.

«Өнер уыстаған жерде қалмайды» деген. Ендеше, ән де айтып, би де билеп, сазгерлік талантын да ұштап жүрген өнерпазға ақ жол тілейміз!

Тегтер: