30 Қыркүйек 16:41
...

Қазақстандық волейбол жаңа деңгейге шықты: Халықаралық жетістіктер және ҚР-2025/26 XXXIV Чемпионатының басталуы

Волейбол
Фото: Pixabay

Қазақстандық волейбол халықаралық аренада өз орнын нықтап, классикалық және жағажай форматтарында да дамып келеді.

Алматы, NEGE. Жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамалары жетістіктерге қол жеткізіп, жоғары дайындық пен амбицияларын дәлелдеуде.

Маусым айында Ташкентте өткен Орталық Азия аймақтық қауымдастығының (CAVA) 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер чемпионаты ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Финалда спортшыларымыз Азия чемпионы – Иран құрамасымен кездесіп, тартысты ойында екінші орын иеленді.

Тарихи жеңісті жағажай волейболшылары да әкелді: Клим Рюхов пен Владислав Мастихин Таиландта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатын (U-21) жеңіп, Қазақстан тарихында алғаш рет алтын медаль алды. Қытай құрамасымен финалда 2:0 есебімен жеңіске жеткен бұл нәтиже үлкен сенсация болды.

Душанбеде өткен CAVA турнирінде 16 жасқа дейінгі қыздар құрамасы да сенімді өнер көрсетіп, бес ойында да жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді.

Жоғары нәтижелерге клубтық командалар да қол жеткізді:

– әйелдер командасы «Жетісу» (Талдықорған) тоғызыншы чемпиондық атағын жеңіп алып, Азия чемпиондар лигасында топ жарып, әлемдік клубтар чемпионатына жолдама алды;
– ерлер командасы «Жайық» (Орал) Мальдив аралдарында өткен CAVA-2025 Орталық Азия чемпиондар лигасында жеңімпаз атанып, бірде-бір матчта ұтылған жоқ.

Команданың ойыншысы Виталий Эрдштейн турнирдің ең үздік ойыншысы (MVP) болып танылды.

Қазақстандық төрешілер де әлемдік деңгейде үздіктер қатарынан көрінді: Юлия Акулова Таиландтағы әлем чемпионатында жұмыс істесе, Ирина Кабулбекова мен Айдос Ахметов Қытай мен Индонезияда өткен жастар әлем чемпионаттарын басқарды.

«Бұл жетістіктердің барлығы Қазақстанның жаңа спорттық шыңдарға қадам басып келе жатқанын дәлелдейді. Елде волейбол қарқынды дамуда: жастардың қызығушылығы артып, мықты құрамалар жасақталуда, халықаралық мойындау кеңеюде», – деді Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Арман Кабесов.

ҚР-2025/26 XXXIV Чемпионатының басталуы

2 қазан күні Астана мен Петропавлда әйелдер және ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының XXXIV чемпионатының жаңа маусымы басталады.

Чемпионат форматы:
Ұлттық лига: Әйелдер – 8 команда, Ерлер – 8
Жоғары лига: Әйелдер – 12, Ерлер – 9
Жастар (U-21) лигасы: Қыздар – 8, Ерлер – 8

2025/26 маусымында барлығы 53 команда қатысады, ойындар 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың сәуіріне дейін жалғасады. Алғаш рет әйелдер Жоғары лигасы екі топқа («А» және «В») бөлінеді, ал Ұлттық лига клубтарына үш шетелдік ойыншыны қосуға мүмкіндік беріледі.

Чемпионаттың финалдық бөлігі дәстүрлі түрде плей-офф жүйесінде өтеді.

Осылайша, халықаралық жетістіктер мен XXXIV ҚР Чемпионатының басталуы қазақстандық волейболдың жаңа даму кезеңін қалыптастырып, елдің әлемдік спорт аренасындағы орнын нығайта түсуде.